Медициналық пойыздар 230 мыңнан астам қазақстандықты дәрігерлік тексеруден өткізді

АСТАНА. 16 сәуір. ҚазАқпарат -2012 жылдың 1 тоқсанында «Саламатты Қазақстан», «Денсаулық» және «Жәрдем» медициналық консультативтік-диагностикалық пойыздары республиканың барлық өңірінде 89 стансаның тұрғындарына тексеру жүргізді,

деп хабарлайды рm.kz сайты ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 Дәрігерлер 234 мың адамды, оның ішінде 7415 баланы қарады. Қабылдаулар саны 128 мыңнан асады.   Осы кезеңде 82 мың диагностикалық тексеру, 183 мың шағын амбулаториялық операция жасалды. Маммолог мамандар 3,5 мыңға тарта әйелді қарап, стоматологиялық көмек 5 мыңдай тұрғынға көрсетілді.  

Медициналық пойыз дәрігерлері нәтижесінде 22301 ауру түрін тіркеді, олардың 2576-сы балаларға тиесілі. 181 адамнан жаңа ісік түрлері анықталып, 2 жағдайда туберкулез белгілері байқалған.  

«Саламатты Қазақстан», «Денсаулық» және «Жәрдем» медициналық пойыздарының жұмысы нәтижесінде анықталған аурулардың ішінде: ас қорыту органдары, несеп-жыныстық жүйе, қан айналымы, тыныс алу органдары, көз, жүйке және сүйек-бұлшық ет жүйелері аурулары жиі кездеседі. 

Тексеру барысында ауру түрлеріне байланысты кейбір науқастарға сол жерде тиісті дәрігерлік көмек көрсетіледі. Ал әрі қарай зерттеуді қажет ететін жағдайда науқастар жақын маңдағы емдеу мекемелеріне жіберіледі. 

Медициналық пойыздар және ондағы дәрігер мамандар өте маңызды және жауапты міндет атқаруда. Консультативтік-диагностикалық пойыздардың қызметтері халық арасында үлкен сұранысқа ие болып отыр. Бұл - аталған жобаның өзектілігі мен әлеуметтік маңызының дәлелі.