Медициналық сақтандыру қоры «шұғыл желіні» іске қосты

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммаерциялық емес акционерлік қоғамның «шұғыл желісі» іске қосылды. Желі қор қызметкерлері тарапынан жасалған жемқорлық, алаяқтық, кемсітушілік сынды өзге де заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, бұдан былай тұрғындар Қор қызметіне қатысты заңбұзушылықтар жайлы 7-7172 647-111 телефоны арқылы хабарлай алады.

Сонымен қатар, шағымдарды fmshotline@gmail.com электронды поштасына немесе 010000, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Д.Қонаев көшесі, 14/3 (11-қабат) мекенжайына жолдауға болады. Шағымдарға арналған аталған байланыс арналары 2017 жылдың 26 желтоқсанынан бері жұмыс істеп тұр.

«Бүгінгі күнге дейін осы каналдар бойынша азаматтардан 29 хат келіп түскен. Оның басым бөлігі (17 хат) жеке тұлғалар тарапынан жазылған. Хаттардың дені әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемдеріне қатысты», - делінген хабарламада.