Медициналық сақтандыру қорына жарнаны салу жарты жылға шегеріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Медициналық сақтандыру қорына жарнаны төлеу мерзімі жарты жылға шегеріледі.

Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заң жобасын таныстыру барысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, енгізіліп отырған өзгерістерге сәйкес бекітілген мерзім жарты жылға шегерілуде. Осы ретте жұмыс берушілер және өзін жұмыспен қамтыған азаматтардан жарналар мен төлемдер 2017 жылдың 1 қаңтарынан емес, 1 шілдесінен іске асырылады. Сонымен қатар мемлекет халықтың белсенді емес бөлігі үшін жарнаны жарты жылға кейін төлейді, яғни 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап төлем жасайды. Сәйкесінше, медициналық сақтандыру жүйесінің медициналық көмек көрсету мен қордан төлем жасау да жарты жылға кейін басталады (2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап).

Оның сөзіне қарағанда, осы мерзімде қор мен оның филиалдары құрылады, денсаулық сақтау шығындары республикалық деңгейде шоғырланады. Бұл тұрғыда Қор медициналық қызметтердің бірыңғай стратегиялық сатып алушысы ретінде қызмет етеді.

Министрдің айтуынша, аталған мерзімді ұзартуға бюджеттік заңнамадағы өзгерістер ықпал етті.