Медициналық сақтандыру сапалы медициналық көмекпен қамтиды - ҚР ДСМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой Қостанай облысына іссапары барысында аймақтың медицина қауымдастығы өкілдерімен кездесіп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды (МӘМС) енгізуге қатысты және Елбасы Жолдауындағы денсаулық сақтауды жаңғырту бойынша көрсетілген негізгі бағыттарды жүзеге асыру туралы жиналыс өткізді.

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыс орталығына сапары барысында ведомство басшысының орынбасары қалалық емхана және облыстық аурухана, сондай-ақ перинаталдық орталықтары жұмыстарымен танысқан.

Бұдан соң ол өңірдің медицина саласындағы қызметкерлерімен кездесіп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің негізгі принциптерін түсіндірді. Бұл кездесуге облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарушы директоры Ерік Байжүнісов, қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, жеке медициналық мекемелердің басшылары, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары облыстық штаб мүшелері және т.б. қатысты.
Жиналыс барысында облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев МӘМС жүйесін енгізу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары шеңберінде 3-кезеңді жүзеге асыру мақсатында арнайы оқытылған медициналық қызметкерлерден ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін 49 мобильді топ құрылғандығын хабарлады. Сондай-ақ, ол мобильді топтармен бірге 2016 жылдың қыркүйегінен бастап 400 мекеме және кәсіпорында 960-тан аса кездесу өткізілгендігін айтты.
Сонымен қатар облыс аумағында МӘМС жүйесі бойынша тұрғындардың мәртебесін анықтау үшін қызу жұмыс жүргізіліп жатыр. Нақты мәліметтер бойынша, облыста 500 000-ға жуық азамат эканомикалық белсенді тұрғын ретінде есептеледі, 173 000 тұрғын өзін өзі жұмыспен қамтығандар, оның ішінде 28 600 мың азамат өзін өзі өнімсіз еңбекпен қамтығандар, 25 800-і мың жұмыссыздар.
Вице-министр Алексей Цой 2020 жылға дейін, яғни жалпыға бірдей декларациялауды енгізгенге дейін ТМККК шеңберінде сақтандырылмаған азаматтарға дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін амбулаториялық-емханалық көмек көрсетілендігін еске салды.
«ТМККК шеңберіндегі бірінші пакетке профилактикалық егулер, жедел жәрдем, санитарлық авиация, шұғыл медициналық көмек, әлеуметтік мәні бар ауруларға стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек, сондай-ақ айналасындағыларға қауіп төндіретін ауруларға көрсетілетін медициналық қызмет түрлері кіреді. Ол барлық азаматтар үшін қолжетімді болмақ», - деп түсіндірді ол.
Вице-министрдің айтуы бойынша екінші пакет сақтандырылған азаматтарға арналған. Ол Әлеуметтік медициналық қоры арқылы сақтандыру жарналары және мемлекеттік төлемдер, жұмыс берушілер және азаматтардың есебінен қаржыландырылады.
«Бұл сақтандыру пакетіне дәрілік қамтамасыз етілетін амбулаториялық-емханалық көмек, жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек, қалпына келтіріп емдеу, медициналық оңалту, жоғары технологиялық көмек көрсету, паллиативті көмек және мейірбике күтімі сияқты медициналық қызмет түрлері кіреді», - деп атап өтті Алексей Цой.
Бұрын хабарланғандай, Қазақстанда «Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау және әлеуметтік-еңбек саласы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес, МӘМС-ті енгізуге қатысты төмендегі жарна мен төлем мөлшерлемесі қарастырылды:
- жұмыс берушілердің жарналары: 2017 жылдың шілдесінен бастап мөлшерлеме 1 %; 2018 жылы - 1,5%, 2020 жылы - 2%, 2022 жылы - 3%;
- жалданбалы жұмысшы жарнасы: 1% - с 2019 жылы, 2% - с 2020 жылы;
- жеке кәсіпкерлер, нотариустар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалар - кірістен, 2017 жылғы шілдеден бастап 2 ЕТЖ-дан 5% кем емес;
- жұмыс күші тобына кірмейтін (өзін өзі өнімсіз еңбекпен қамтығандар) азаматтар жарнасы - 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 1 ЕТЖ-дан 5%;
- халықтың әлеуметтік қорғалмаған тобы үшін мемлекет төлейтін жарна 2018 жылдың қаңтарынан - 3,75%, 2019 жылдан бастап - 4%, 2022 жылдан бастап - 4-5 % болады.