Медициналық жоғары оқу орындарын қаржыландыру көлемін өсіру керек - Ислам Сұңқар

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар мемлекеттік медициналық жоғары оқу орындарын қаржыландыру көлемін өсіруді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ашық көздерден алынған фото

«Осы депутаттық сауал арқылы Үкіметтің назарын медицина кадрларын даярлау ісіне аударамыз. Бүгінде медицина кадрларының деңгейі медициналық білімнің сапасына тікелей байланысты. Қазіргі кезде медициналық мамандықты меңгеруге бөлінген мемлекеттік тапсырыс көлемі мемлекеттік медициналық жоғары оқу орындарының оқу үдерісін ұйымдастыру шығынын да өтемейді. Барлық медицина студенттерінің 70 пайыздан астамы оқитын «Жалпы медицина» мамандығы бойынша бакалавриат грантының құны соңғы рет 2021 жылы қайта қаралды және 1 млн теңге болды. Айта кету керек, осы сома 2021-2022 және 2022-2023 оқу жылдарында оқуға түскен студенттерге қолданылды және жоғары оқу орындарының шығынын жаппайды. Себебі, бір студентке берілетін білімнің өзіндік құны 2 млн теңге болып отыр», - деді И. Сұңқар Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгіновтың атына жолдаған сауалында.

Осы орайда, ол дәрігерді оқыту заңгерді немесе экономисті оқытқанға қарағанда әлдеқайда қымбатқа түсетінін айтты. Оқу сыныптары мен әдебиеттерден бөлек, теориялық және практикалық тұрғыда дамыту үшін ғылыми, клиникалық әрі фармацевтикалық зертханалар, клиникалық базалар, қымбат модельдеу, медициналық жабдықтар және басқасы қажет.

Оның айтуынша, мемлекеттік жоғары медициналық білім беру ұйымдарында ескірген негізгі материалдық-техникалық базаның және жатақханалардың талапқа сай емес екені байқалып отыр. Шет елдерде медициналық мамандықтың оқу ақысы басқа мамандықтардың оқу құнынан 2-4 есеге дейін жоғары.

«Мәселенің маңызын ескере отырып, медицина мамандарын оқытуда мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша республикалық бюджеттен бөлінетін грант құнын ұлғайтуға басымдық беру бойынша шара қабылдауды ұсынамыз», - деді депутат.