Медицина біздің отбасылық кәсібімізге айналды – атыраулық дәрігер

Фото: Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында тұрғындардың алғысына бөленіп жүрген дәрігерлер аз емес. Солардың қатарында Гүлбахар Мәмбеткәрімова да бар.

Өзінің айтуынша, Атырау қаласына 2014 жылы Өзбекстан Республикасынан көшіп келген. Қазір мұнайлы шаһардағы №7 емханада жұмыс істеп жүр.

«Бала кезімнен дәрігер болуды ойлап жүрдім. Бұған әке-шешем мен аға-әпкелерімнің, жеңгем мен жездемнің медицина саласында жұмыс істегені әсер етті. Біздің үлкен әулеттің өкілдері жинала қалғанда, әңгіме бағыты медицинаға, адамның денсаулығына, диагностика мен емдеу тәсілдеріне бұрылады. Осындай ортада өскендіктен болар, мен де дәрігер мамандығын меңгеруді қаладым. Сөйтіп, 2002 жылы Ташкент педиатрия институтының Нөкістегі филиалын бітірдім», -дейді Гүлбахар Мәмбеткәрімова.

Фото: Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы

Кейін ата-енесі атажұртқа оралуды көздепті. Ата-енесінен қалмай, күйеуімен бірге кіндік қаны тамған өңірден жырақтағы Атырауға қоныс аударған.

«Атырау бұрын көрмеген қала болғанымен, маған ұнады. Мамандығыма байланысты жұмысқа орналасу үшін осы емхананың басшысына жолыққан едім. Сол кездегі директор Ғазиз Есқали ағамыз бастаған ұжым мені туысқанындай бауырға тартты. Қазір дәрігер болғаныма өкінбеймін. Өйткені, бала кезден әке-шешеміздің тұрғындардың денсаулығын жақсарту үшін аянбай еңбек еткенін көріп өстім. Дәрігерлік біздің отбасылық кәсібімізге айналды», -дейді Гүлбахар Мәмбеткәрімова.

Биыл оның аталған емханада жұмыс істегеніне 10 жыл толған. Ол емханадан бөлінген екі учаске тұрғындарының денсаулығын тексереді. Оның бірі мекенжай бойынша аумақтық болса, екіншісі қосымша ретінде беріліпті. Бұған қоса С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті студенттерінің денсаулығын қадалағау да жүктеліпті.

Өзімен бірге жұмыс істейтін медбикелер Гүлнұр Ғалымова, Әсия Қабдолова және Сәлима Нығметпен бірге бәріне үлгереді. Бір-бірін жақсы түсінетіне олар тұрғындардың телефон қоңырауына кезекпен жауап береді. Ақ халаттылардың қызметіне тұрғындар ұдайы ризашылығын білдіріп отырады.

«Біраз жылдан бері Атырау қаласының «Ақдепо» деп аталатын бөлігінде тұрамын. Жас ұлғайған соң дәрігерге жиі қараламын. Дәрігер мен медбикелер жылышыраймен қабылдайды. Сыпайы сөйлеседі. Дауыс көтеріп, қабақ шытқанын көрмедік. Диагнозды дәл қойып, тез емдеуге тырысады. Үш жыл бұрын коронавирус инфекциясымен ауырдым. Ауруханаларда орын болмады, сондықтан, үйде емделуіме тура келді. Сол кезде Гүлбахар Мәмбеткәрімова күн сайын үйге келіп, аурудың динамикасын бақылап отырды. Оның емдеуімен сырқатымнан тез айықтым. Қазір отбасымызбен осы дәрігерге қараламыз», -дейді 65 жастағы пациент Жұлдыз апай.

Жақында Гүлбахар Мәмбеткәрімова жалпы тәжірибелік дәрігерлердің республикалық байқауында бақ сынады. Оның осы саладағы тәжірибесі, емдеу тәсілі зерделеніп, «Үздік­ отбасылық дәрігер» атанды.

Фото: Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы

«Дәрігер ретінде сырқатына шипа іздеп келген пациенттерге тиімді емдеу тәсілін қолдану қағидатын ұстанамын. Өйткені, басты міндетім – сырқат жандарды емдеп, денсаулығын тезірек түзеуіне үлес қосу. Ал жетістікке жетуіме емхана мен сала басшылары, барша әріптесіме, өзімнің сенімді серігіме айналған медбикелер қолдау көрсетті. Бұл – ұжымдық еңбектің жемісі», -дейді Гүлбахар Мәмбеткәрімова.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраулық дәрігерлер көлікте жалғыз болған 1 жасар баланы өлімнен аман алып қалғанын жазған едік.