Медицина қызметкерлерін қорғаудың кешенді жүйесі қалыптастырылады

АСТАНА. KAZINFORM — Дәрігерлердің кәсіптік міндеттерін жүзеге асыру кезінде өмірі мен денсаулығын сақтандыру тетіктері жетілдіріледі.

Фото: ДСМ

Денсаулық сақтау министрінің тиісті бұйрық жобасы ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында жарияланды.

Құжат медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін, сондай-ақ кәсіптік міндеттерін жүзеге асыру кезінде медицина қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығын сақтандыру тетіктерін жетілдіруге, олардың әлеуметтік және құқықтық қорғалу деңгейін арттыруға бағытталған.

Бұйрық жобасында медицина қызметкерлерінің кәсіптік міндеттерін жүзеге асыру кезінде:

— олардың өмірі мен денсаулығын бірлесіп сақтандырудың үлгілік шартын енгізу;
— кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру аясында сақтандыру қорғанысын интерн-дәрігерлер мен резидент-дәрігерлерге оқу кезеңінде қолдану;
— медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін бірлесіп сақтандыру шарттарын жасасу, өзгерту және орындау тәртібін жетілдіру;
— медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін орындау кезінде үшінші тұлғалардың зорлық-зомбылық әрекеттері нәтижесінде оның өмірі мен денсаулығына зиян келтірілген жағдайда сақтандыру төлемін жүзеге асыру тәртібін айқындау;
— сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру және денсаулық сақтау субъектілері, медицина қызметкерлері, пациенттер мен Бірыңғай сақтандыру (қайта сақтандыру) пулының әкімшісі арасындағы өзара іс-қимыл тәртібін жетілдіру қағдиларын нақтылау көзделеді.

— Жобаның мақсаты — пациенттерді, медициналық ұйымдарды және медицина қызметкерлерін сақтандыру арқылы қорғаудың кешенді жүйесін қалыптастыру. Күтілетін нәтижелер — кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру тетіктерін жетілдіру, медицина қызметкерлерінің, оның ішінде дәрігер-интерндер мен дәрігер-резиденттердің өмірі мен денсаулығын сақтандыру арқылы қорғауды кеңейту, сондай-ақ сақтандыру жүйесіне қатысушылардың өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру, — делінген құжатта.

Бұған дейін елімізде дәрігерлерге арналған ана сүтімен қоректендіру жөніндегі оқу құралы жаңартылғанын жазған едік.