Медицина мекемелеріне кене шаққан 186 алматылық жүгінді

Фото: Фото: Александр Павский/Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 186 адамды кене шақты. Оның 89-ы бала. Бұл туралы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова мәлім етті.

– Кенелерге қарсы бақылау энтомологиялық әдістермен де жүргізіледі. Эпидемия маусымының басында мамандар адамдардан жиналған 34 кене үлгісін зерттеді. Бір үлгіде кенелі энцефалит антигені табылды. Шағу оқиғасы Алматы облысында болғаны анықталды,— деп атап өтті ол.

Спикер, былтыр кене арқылы жұққан, ми жүйкелерін құртатын энцефалитінің үш жағдайы, сондай-ақ кене боррелиозының бір жағдайы тіркелгенін атап өтті.

– Алдын алу шаралары ретінде біз алматылықтарды жабық киім киіп, репелленттерді қолдануға, табиғатта серуенденгеннен кейін өздерін және жеке заттарын мұқият тексеруге кеңес береміз. Кене шаққаннан кейін төрт күннен кешіктірмей медициналық көмекке жүгіну маңызды, — дейді эпидемиолог.

Сондай-ақ, ол қалада қосымша вакцинация бар екенін тілге тиек етті.

– Денсаулық сақтау басқармасының қоймасында бельгиялық TicoVac вакцинасының 11 447 дозасы бар. Бастапқы курс үш дозадан тұрады, бірақ қыста егуге үлгермегендер үшін шұғыл схема қарастырылған,– деді ол.

Кене энцефалитінен қалай сақтануға болатынын мына жерден оқи аласыздар.