Медицинадағы заң бұзушылық: министрлік қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды

Фото: Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі емшаралар кабинеттерде қызмет алу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігін ескертіп, халықтың назарын аударады.

Ведомствоның мәліметінше, 2024 жылдан бастап 2025 жылдың I тоқсанына дейін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне және оның аумақтық бөлімшелеріне рәсімдік медициналық қызмет көрсету сапасына қатысты азаматтардан 7 өтініш түскен.

Осы өтініштердің әрқайсысы бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Тексеру нәтижесінде келесі заң бұзушылықтар анықталған:

* Тиісті лицензиясыз медициналық қызметті жүзеге асырудың 4 фактісі;

* Сертификатталған мамандарсыз рәсімдік қызмет көрсетудің 3 жағдайы;

* Дәрілік заттарды сақтау шарттарын бұзудың 2 фактісі.

— Тексеру қорытындысы бойынша Комитеттің аумақтық департаменттері әкімшілік жауапкершілік туралы хаттамалар жасады, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 1 млн теңгеден асты, — делінген хабарламада.

Өліммен аяқталған жағдайларда Жамбыл облысында қосымша жоспардан тыс тексерулер жүргізілді, олардың барысында дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сақтау қағидаларының өрескел заң бұзушылықтар анықталған. 

— Осы жағдайлар бойынша материалдар одан әрі тергеу үшін құқық қорғау органдарына берілді. Осы өңірдегі емшаралар кабинеттерінің бірі қызметін ресми түрде тоқтатты, — деп жазды министрлік.

Жамбыл облысында бүгінгі таңда 107 емшара кабинеті жұмыс істейді, оның 42-сі ғана дәрігерге дейінгі медициналық көмекті жүзеге асыруға лицензиясы бар.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жоспардан тыс тексерулер азаматтардың ресми өтініштері, мемлекеттік органдардан (әкімдіктерден, денсаулық сақтау басқармаларынан) сұрау салулар немесе құқық қорғау органдарының тапсырмалары болған кезде ғана жүргізілуі мүмкін.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарға қатаң түрде келесідей кеңес берді:

* емшаралық медициналық қызметтерге тек лицензияланған медициналық ұйымдарға хабарласу;

* қызметкерлердің лицензиясы мен біліктілігінің болуын нақтылау;

* тиісті дәрігерлік бақылаусыз үйде медициналық рәсімдерді жүргізуге жол бермеу.