Медициналық деректерді топтастырған бірыңғай мемлекеттік ақпарат жүйесі іске қосылады

АСТАНА. KAZINFORM — Бірыңғай базалық мемлекеттік медициналық көмек топтамасы жасалады. Бұл туралы Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасын таныстырған Премьер-Министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты.

Фото: Алматы онкология орталығы

«Денсаулық сақтау саласының негізгі міндеттерінің бірі — міндетті медициналық сақтандыру есебінен бірыңғай базалық мемлекеттік медициналық көмек топтамасын қалыптастыру. Медициналық деректерді бақылау және объективтілігі мақсатында бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесін іске қосу жоспарлануда. Бұдан басқа, бұқаралық және балалар спортын дамыту саласындағы заңнама жаңартылады», — деді министр.

Оның атап өтуінше, келесі жылы Жұмысшы мамандықтар жылын өткізу бойынша жекелеген іс-шаралар көзделген экология саласында негізгі орман өңірлерінде «Семей орманы» атты табысты тәжірибені ауқымды қолдану бойынша жобаларды іске асыру жоспарланған. 

«Ел кәсіпорындарының қоршаған ортаға эмиссиясын төмендету мақсатында 2027 жылдан бастап озық технологиялар негізінде кешенді экологиялық рұқсаттар беру жоспарлануда. „Таза Қазақстан“ акциясы әкімдердің, сондай-ақ бизнестің қоршаған ортаны қорғау бойынша дербес жауапкершілігі бекітіле отырып, жалғасады», — деді Нұрлан Байбазаров.