Медициналық туризм: Елімізде 4,5 мың шетелдік азамат ем алды

АСТАНА. KAZINFORM — Ресми сауалымызға жолдаған жауабында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі медициналық туризмнің жай-жапсары жөнінде мәлімдеді.

Коллаж: Kazinform / Nano Banana

Министрліктің мәліметінше, қазір медициналық қызметтер алу мақсатында Қазақстанға келетін шетел азаматтарын есепке алудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

– Қазақстанның медициналық ұйымдары 2025 жылы шамамен 4 488 шетелдік пациентке медициналық көмек көрсетілгені туралы деректер ұсынды. Медициналық ұйымдардың алдын ала деректеріне сәйкес, 2026 жылдың бірінші тоқсанында 1 184 шетелдік пациентке медициналық көмек көрсетілді, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Қазақстанға медициналық қызметтер алуға негізінен жақын шет мемлекеттердің, оның ішінде Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай және басқа елдердің азаматтары қызығушылық танытады.

Одан бөлек, алыс шет мемлекеттерден келетін науқастар да бар. Мәселен, Германия, АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Түркия, Нидерланд, Италия, Венгрия және басқа да елдердің азаматтары Қазақстанда медициналық қызметке жүгінеді.

Айта кетейік, бұған дейін онлайн медициналық қызметтердің ауқымы кеңейетінін жазғанбыз.