«Биылғы 11 желтоқсанда Парламент Сенатының төрағасы және Сенаттың бірқатар депутаты Өскеменде облыс басшылығымен және облыстық мәслихат депутаттарымен кездесу өткізген болатын. Онда Шығыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау ұйымдарындағы күрделі қаржы ахуалына қатысты мәселелер айтылды. Мәселен, облыстағы 13 ұйымда 6 млрд теңгеден астам, оның ішінде еңбекақы төлеу қоры бойынша 1,3 млрд теңгеден астам сомасында несие берешегі қалыптасқан», - деді А. Әлназарова
Депутаттың айтуынша, 2023 жылғы 20 қарашадағы жағдай бойынша 619 медициналық ұйымда жалпы сомасы 109,6 млрд теңге болатын кредиторлық берешегі бар. Медициналық ұйымдар тиімсіз шығындарды ғана емес, халыққа көрсетілетін қызметтердің көлемін де қысқартуға мәжбүр. Медициналық қызметтердің тарифі нақты шығынды жаба алмайды.
«Тек есептелген кредиторлық берешектің көлемі 2021 жылдан бастап 2 есе көбейіп, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 100 млрд теңгені құрады. Ал қазір оның сомасы 109 млрд теңгеге жетті. Бұл саланы қаржыландыру көлемінің 2,5 есе өсуіне қарамастан болған жағдай. Сондай-ақ кейінгі 3 жылда халықтың қалта шығыны да күткендегідей азая қоймады»,- деді сенатор.
Сенатор медициналық ұйымдардағы бұл қаржы проблемалары денсаулық сақтауды стратегиялық жоспарлаудағы кемшіліктерге, медициналық қызметтер номенклатурасының болмауына, сондай-ақ шығыстарды бақылау тетігінің аздығына байланысты екенін атап өтті. Ақмарал Әлназарова осыған байланысты жағдайдың себебін талдап, медициналық ұйымдардың берешегін төмендету және қаржыны пайдалану тиімділігін арттыру үшін шұғыл әрі жүйелі шаралар қабылдауды сұрады.