Медициналық ЖОО-лар интернатурада 6 мамандық бойынша дәрігерлер даярлап жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ғылым және адами ресурстары департаменті директорының орынбасары Ұлмира Нұралиева медициналық ЖОО-ларда білім сапасын арттыруға бағытталған шаралар жайлы айтып берді.
– Талаптың күшеюі болашақ дәрігерлерді сапалы дайындауға бағытталған. Қазіргі таңда медицина саласын таңдауға ниетті талапкерлер саны өте көп. Жыл сайын бұл мамандыққа үлкен конкурс өтеді. Мемлекеттік грантқа түсу үшін де бәсекелестік жоғары – ең төменгі өту балы 100-ден асып отыр. Биыл талапкерлерге қойылатын талапты тағы да көтердік. Бұрын ең төменгі шекті балл 60 болса, енді оны 70 балға дейін арттырдық. Өйткені дәрігер болу — үлкен жауапкершілік. Бұл мамандық иелеріне халық тарапынан да үнемі жоғары талап қойылады, – дейді ол Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында.
Сондай-ақ спикер еліміздегі ЖОО-ларда медицина мамандары жаңа білім беру бағдарламасы бойынша даярланатынын айтты.
– Жыл сайын бакалавриат деңгейінде медицина мамандықтарына 2700 мемлекеттік грант бөлінеді. Оның соңғы жылы – интернатура, яғни студенттердің практикалық және клиникалық тәжірибеден өтетін кезеңі. Бұрын бұл кезеңде біз тек жалпы практика дәрігерлерін ғана дайындайтынбыз. Алайда соңғы жылдары өңірлердегі қажеттілікті ескере отырып, интернатурада алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге бағытталған 6 мамандық бойынша дәрігерлер даярлай бастадық. Қазіргі уақытта интернатурада 4 500-ге жуық маман білім алып жатыр. Оның шамамен 2 000-ы – жалпы тәжірибелік дәрігерлер. Сонымен қатар, 1 000-ға жуық болашақ дәрігер терапия бағыты бойынша оқып жатыр. Бұған қоса, акушер-гинекология, педиатрия, балалар хирургиясы және хирургия сияқты негізгі салаларда да мамандар даярланып жатыр. Бұл мамандықтар – еліміз үшін аса қажет әрі сұранысқа ие бағыттар, – дейді Ұлмира Нұралиева.
Оның айтуынша, биылғы басты өзгерістердің бірі жаңа мамандықтардың қосылуы. ЖОО-ларда педиатр мамандарын даярлау үшін 14 жаңа бағыт ашылған.
– Бүгінде елімізде балалар арасында аурушаңдық деңгейі жоғары. Сонымен қатар балалар саны да жыл сайын артып келеді. Осыған байланысты балаларға медициналық көмек көрсететін мамандарға сұраныс күшейіп отыр. Осы қажеттілікті өтеу үшін резидентура деңгейінде ең маңызды деген 14 бейінді мамандық бойынша даярлау бағдарламасы енгізілді. Олардың қатарында анестезиолог, реаниматолог, эндокринолог, акушер-гинеколог, хирург, гематолог, онколог секілді мамандықтар бар. Биыл осы бағыттарға 118 гранттық орын бөлінді. Әрине, балалармен жұмыс істеу – үлкен жауапкершілік, сондықтан бұл бағытты таңдаушылар саны аз. Дегенмен басты мақсат – балалар денсаулығына қатысты мәселелерді шешу, әсіресе өңірлердегі маман тапшылығын жою, – дейді Ұлмира Нұраліева.
Айта кетейік, биыл жыл соңына дейін ауылдарда 59 медициналық нысан ашылады.