Медресе шәкірті XIII Құран жарысынан оралды

АСТАНА. 3 қазан. ҚазАқпарат - Қазан айының ішінде Ресей астанасы Мәскеу қаласында XIII Құран Кәрімді жатқа оқудан халықаралық конкурс болып өтті.

 Айтулы шара Ресей мүфтилер кеңесінің төрағасы, шейх Равиль Гайнутдин және РФ сыртқы і министірлігінің қолдауымен іске асырылды.

 ҚМДБ мәліметінше, аталмыш конкурсқа әлемнің 34 елінен Құранды бастан аяқ жаттаған ең таңдаулы қарилар шақырылған. Осы конкурста қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Тунис елінен келген Марзук Хуссемге, екінші орын Йемендік Малик Абдулмалик Ахмедге берілсе, ал, үшінші орын Кувейттік Мухаммад Әл-Бакраға бұйырған.

 XIII Құран Кәрімді жатқа оқудан халықаралық конкурстың жеңімпаз иелеріне сый-сияпат жасап, жүлделі дипломдар табыс етсе, конкурсқа қатысушылардың баршасына ұйымдастырушылар бағалы сыйлықтар және арнайы сертификаттар берілді.

 Айта кетейік, қазақ елінің атынан XIII Құран Кәрімді жатқа оқу халықаралық конкурсқа Астана қаласы жанындағы «Қауам ад-Дин әл-Итқани әл-Фараби әт-Түркістани» қариларды дайындау республикалық орталығының шәкірті, жас қари Серік Әмзеев қатысып, арнайы сертификатпен марапатталды.