Медсақтандыру қорының топ-менеджменті шын мәнінде қанша сыйақы алған: Министр жауабы

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры топ-менеджерлеріне миллиондаған төлемдер жасалды деген дерекке қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: freepik.com

«Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Былтыр қорда ешқандай бонус қарастырылмаған еді. Сондықтан осы бойынша жалған мәлімет берілген. 98 млн теңге қордағы топ-менеджменттің жалақысына, еңбек демалысына, ем-дом жәрдемақысына бөлінген. 2022 жылы олар бонус алмағынан ресми түрде мәлімдеймін», – деді А. Ғиният Мәжілісте тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Министр бонус бөлмеу бағытында Директорлар кеңесі тиісті шешім жасағанын айтты.

«Әрқайсысы жылына 600 мың теңгеге дейін сыйақы алған. Тиісті нормаға сәйкес, оларға берілетін сыйақы 600 мың теңгеден аспауы тиіс. Атап айтқанда, Медицина қызметкерлері күнінде 300 мың теңгеден және Республика күнінде 300 мың теңгеден алған», – деді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы өзінің ресми сайтында 2022 жылғы қызметі туралы жылдық есеп жариялаған.