Медведев маскүнемдікті «ұлттық апат» деп атады

МӘСКЕУ. Тамыздың 12-сі. ҚазАқпарат - Ресей Президенті Дмитрий Медведев бүгін Сочиде маскүнемдік таралуын болдырмау жөнінде кеңес өткізіп,  Ресейде «оның ұлттық апат сипатына жеткенін» және оны қысқа мерзімде және әкімшілік тыйым салумен жеңу мүмкін емес екенін атап өтті,

деп хабарлайды Утро.ру агенттігі. Оның пікірінше, ең алдымен маскүнемдіктің алдын алуға баса көңіл бөлу керек. Бұл әсіресе жастарға қатысты.

«Бұл істі жаңа, заманауи деңгейде білім беру жүйесінің және бұқаралық ақпарат құралдарының барлық мүмкіндігін пайдалана отырып, жастардың, жаңа ұрпақтың психологиясы мен мүдделерін ескере отырып, әртүрлі қоғамдық ұйымдарды тарту арқылы қасаң әдістерге бой алдырмай жүргізу қажет», - деп атап көрсетті мемлекет басшысы.

Ол бұл орайда осы жолмен жүріп өткен шетелдік мемлекеттердің тәжірибесін де пайдалану қажетттігін ұсынды. Ол тыйым салумен іс бітпейтінін айта келіп, бұдан да бас тартпау керек екенін еске салды. Медведев сыраны да күшті алкогольдік ішімдіктер қатарына жатқызу керек деген идеяны қолдады.

Ресей денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Татьяна Голикованың айтуынша, елде бір адам жылына 18 литрге жуық алкогольдік ішімдікті тұтынады екен. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауынша, жылына бір адамның 8 литр алкоголь ішуінің өзі денсаулыққа аса қауіпті.