Мехикода шошқа тұмауынан 20 адам қайтыс болды

МЕХИКО. Сәуірдің 25-і. ҚазАқпарат - Мексиканың елордасы Мехико қаласының өкіметі адам үшін аса қауіпті болып отырған шошқа тұмауының мутацияға ұшыраған вирусының ошағын жоюға тырысуда.

Бұл індеттен қазірдің өзінде 20 адам қайтыс болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Азаттық» радиосына сілтеме жасап. Жергілікті өкімет, қайтыс болғандардың саны әлі де көбейеді деп алаңдап отыр. Миллиондаған тұрғыны бар қалада мектептер, мұражайлар, кітапханалар мен театрлар жабылуда. Американдық дәрігерлердің мәліметтері бойынша, Мексикамен шекаралас Техас және Калифорния штаттарында шошқа тұмауының мутацияланған вирусымен 8 адам ауырған - олардың барлығы сауығып кетті. Дәрігерлер жаңа вирус бүкіл әлемге тарайды деп қауіптенуде.