Мекемтас Мырзахметов: Наурыз - ұлттық рухты дамытып, ата-баба дәстүрін оралтатын мереке

АЛМАТЫ. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Наурыз – ұлттық рухты дамытып, ата-баба дәстүрін оралтатын мереке.

Бұл пікірді Алматыда өткен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Әз-Наурыз Абай ауылында» атты мерекелік салтанатында «Абайтану ғылыми-зерттеу орталығының» директоры Мекемтас Мырзахметов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында айтты. «Табиғаттың төл мерекесі саналатын Наурызды тойлауға бірінші арабтар, одан кейін Кеңес үкіметі тыйым салған болатын. Оны тек 1988-89 жылдардан бастап қайта мерекелей бастадық. Наурыз ата-бабаларымыздан келе жатқан біздің бірегей ұлттық мерекеміз десек болады. Мысалы христиандардың жаңа жылы Иса пайғамбардың туған күніне арналып жатады. Оны бүкіл христиан елдері мерекелейді. Кеңестік дәуірде біз де оны атап өттік. Негізінде нағыз мереке - Наурыз. Өкінішке орай ол әлі қайта қалыптасып болған жоқ. Біз өзі көптеген ата-баба салты мен дәстүрінен айрылып, қазір соны қайта жаңғыртып жатқан халықпыз. Ол орнына келген кезде ғана біз нағыз қазақпыз деп мақтануымызға болады», - дейді филология ғылымының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов. Оның айтуынша, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қазақтың маңдайына біткен тұңғыш университеті. Басқа оқу орындарының барлығы бұдан енші алып шыққан. Сондықтан бұл университеттің Наурызды айрықша атап өтуінің осындай мәні бар. «Жалпы Наурыз мерекесі табиғат райына қарап қазір әр жерде әр уақытта аталып өтеді. Оны бір уақытта өткізу әзірге қиын, дегенмен соған ұмтылуымыз керек. Біз өз мерекемізді өз уақытында мейлінше терең мазмұнды және көңілді етіп өткізуіміз керек, себебі бұл ұлттық рухты дамытады. Ата-баба дәстүрін оралтады», - дейді ҚазҰПУ жанындағы «Абайтану ғылыми-зерттеу орталығының» директоры, профессор М. Мырзахметов.