Басылымның жазуынша, ол 6 шілде күні елорда күнінде жолға шығып, 25 шілдеде мұнайлы астанаға аяқ басқан. «Бірде Дін істер агенттігінің төрағасы Марат Әзілхановпен танысқан едім. Ол менің мұндай текке ие бола отырып, Меккеге әлі бармағаныма таңданыс білдірді. Біршама уақыт өткеннен кейін ол маған Меккеге баруға ұсыныс жасады. Маған бұл идея ұнады. Менің арғы ата-бабаларым 19 ғасырда дәл осылай жаяу қажылыққа барған екен», - деді Д.Иманқажы.
Меккеге жаяу аттанған азаматқа өзі күзетші болып жұмыс істейтін елордадағы емхана мен «Нұр Астана» мешіті аздау болса да қаржылай көмек көрсеткен. Ал депутаттардың бірі жүргізушімен жеке көлігін Д.Иманқажыға Астанадан Атырауға дейін ілестіріп жіберген.
«Әдетте, таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін күні бойы жүгіремін. Орташа есеппен күніне 60 шақырым жүгіруді жоспарлаған едім. Алайда уақытым тым аз, мен 15 қыркүйекте Меккеде болуға тиістімін. Өйткені, дәл осы мерзімде Сауд Арабиясына қажылыққа келетін адамдар легінің артуына байланысты шекараны жабады. Сондықтан да күніне 100 шақырымға дейінгі қашықтықты еңсеруге тырысамын», - деді ол.
Қажылыққа аттанған Д.Иманқажы Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Кувейт, Сауд Арабиясы елдері арқылы 7,5 мың шақырым жол жүріп өтетін болады.