Мексика АҚШ-пен шекарасын жабуға ниет білдірмеді

АСТАНА.KAZINFORM — АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп Мексикадан әкелінетін барлық тауарларға 25 пайыздық баж салығы енгізілетіні жарияланғаннан кейін, екі күн өткен соң Мексика президенті Клаудия Шейнбауммен телефон арқылы сөйлесті, деп жазады ABC News.

Фото: Hannah Beier and Fred Ramos/Bloomberg

Дональд Трамп өзінің Truth Social парақшасында телефон арқылы сөйлесуді «өте нәтижелі» деп бағалап, шекарадағы бақылауды және есірткі ағынымен күресу жолдарын талқылағанын айтты.

Трамптың айтуынша, Мексика президенті «Оңтүстік шекараны жаба отырып, Мексика арқылы АҚШ-қа көші-қонды тоқтатуға келісті».

Өз кезегінде Мексика басшысы шекараны жабуды жоспарламағанын атап өтті.

— Дональд Трамппен әңгіме тамаша өрбіді. Әңгімемізде мен оған Мексиканың адам құқықтарын сақтай отырып, көші-қон мәселесін шешуге бағытталған кешенді стратегиясын түсіндірдім. Бұл мигранттарға шекараға жеткенге дейін көмектесуді қамтамасыз етеді. Біз Мексиканың ұстанымы шекараларды жабу емес, үкіметтер мен халықтар арасында көпір салу екенін қайталап айтамыз, — деді Клаудия Шейнбаум.

Бұл қоңырау осы аптада Дональд Трамп АҚШ-қа заңсыз көші-қон мен есірткі ағынын тоқтату мақсатында Мексикаға, сондай-ақ Канада мен Қытайға баж салығын енгізу жоспарын жариялағаннан кейін жасалды.