Мексика билігі қатыгез видеойындарға салық енгізуді жоспарлап отыр
АСТАНА. KAZINFORM — Мексика билігі қатыгез видеойындарға салық енгізуді жоспарлап отыр. Бұл салық 2026 жылға арналған бюджеттік жобасына қосылды. Жиналған қаражат видеойындарды шамадан тыс ойнаудан туындайтын денсаулық бұзылыстарын емдеуге жұмсалады, деп жазады АЗЕРТАДЖ.
Агенттік хабарлағандай, үкіметтің бағалауынша, келесі жылы бұл шара шамамен 10 миллион доллар табыс әкелуі мүмкін.
Мексика үкіметі денсаулық сақтау саясаты аясында қатыгез видеойындарға салық салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы сейсенбі күні Қаржы министрлігі хабарлады. Бұл шара 2026 жылға арналған бюджет жобасына енгізілген және ол темекі мен тәтті сусындарға арнайы салық салумен қатар жүреді, деді министр Эдгар Амадор.
— Жаңа салықтар «салық саясаты емес, денсаулық сақтау және қауіпсіздік саясатының бөлігі саналады, — деді ол баспасөз конференциясында.
Қаржы министрлігі салыққа түсетін видеойындардың нақты критерийлерін атап өтпеді, бірақ салық мөлшері 8% болатынын хабарлады. Бұл 2026 жылы 183 миллион песо (шамамен 9,8 миллион доллар) жинауға мүмкіндік береді деп күтіледі.
— Соңғы зерттеулерге сәйкес, қатыгез видеойындарды қолдану мен жасөспірімдер арасындағы агрессия деңгейінің жоғарылауы, сондай-ақ оқшаулану мен мазасыздық сияқты әлеуметтік және психологиялық теріс әсерлердің арасында байланыс бар, — деп атап өтті министрлік бюджеттік жобасында.
Қаржы вице-министрі Карлос Лерманың сөзінше, бұл патологиялар адамдарды «оның экономикалық әлеуетінің өте ерте сатысында» зақымдап, олардың дамуына кедергі келтіреді және денсаулық сақтау жүйелеріне «маңызды жүктеме» туындатады.
Бюджет жобасы 15 қарашаға дейін Конгресте талқыланып, бекітілуі тиіс.
Осыдан бұрын Мексикада жүк пойызы жолды кесіп өтпек болған екі қабатты жолаушылар автобусымен соқтығысқаны анықталды. Салдарынан 10 адам қаза тауып, 61 адам түрлі дәрежеде жарақат алды.