Мексика шығанағында қайтадан мұнай аға бастады

АСТАНА. Шілденің 28-і. ҚазАқпарат - Мексика шығанағында қайтадан мұнай аға бастады. Бұл жолы Луизиана штатының жағалауындағы бухталардың бірінде қайық аузы бекітілген ұңғыға соғылған. Абырой болғанда, оқиға салдарынан ешкім зардап шекпеген, деп хабарлайды РТР-Вести.Ru басылымы.

Дәл қазір су астынан биіктігі 30 метрге дейін жететін мұнай, газ және лай аралас бұрқақ ұрғылауда. Осының салдарынан апат ауданында кемелердің қозғалысы тоқтатылды. Жергілікті өкімет ауқымы жағынан бұл апаты британдық «Бритиш Петролеумның» ұңғысында орын алған техногендік апатпен салыстыруға келмейтінін айтып, өңір тұрғындарын тыныштандыруға асығуда. Жаңа апаттың салдарынан келген шығын алдағы күндері анықталады.

Ал Мексика шығанағындағы британдық «Бритиш Петролеум» компаниясының ұңғысындағы аққан мұнайды тоқтатуға және апаттың салдарын жоюға жұмсалатын шығыны 30 миллиард долларға жетуі мүмкін. Компания өкілдері бұған дейін, алдын-ала есептеулер бойынша, шілденің 19-ындағы жағдай бойынша компанияның апат аймағындағы шығыны 4 миллиард долларды шамалағанын мәлім еткен болатын. Бұл сомаға төгілген мұнайды жинауға, қосымша ұңғылар бұрғылауға кеткен шығыстар, жағалаудағы штаттарға тиесілі өтемақылар және шағым-арыздарды сотқа жеткізбей мәселені шешуге жұмсалған қаражаттар кірген.

Американдық Goldman Sachs инвестициялық банкінің бағалауынша, ВР компаниясының апаттың салдарын жою және өтемақыларды төлеу жөніндегі барлық шығыны 70 миллиард долларға жетуі мүмкін.