Мексикада 9 адам қарулы шабуылдың құрбаны болды
13:41, 02 Желтоқсан 2024
МЕХИКО. KAZINFORM – Мексиканың солтүстігінде дәмханаға қарулы шабуыл жасалып, 9 адам қаза тапты. Бұл туралы Анадолы агенттігі жазды.
Мексикалық ақпарат құралдарының хабарлауынша, шабуыл Гуанахуато штатындағы Апасео-эль-Гранде қаласында болған. Шабуылшылар кафе мен жақын маңдағы тұтынушыларға оқ жаудырған.
Шабуыл салдарынан 9 адам қаза тауып, тағы 5 адам жараланды.
Куәгерлердің айтуынша, шабуылдаушылар алдымен дәмханадағы адамдарға оқ атқан, кейін басқаларға кездейсоқ оқ жаудырған.
Оқиға орнына көптеген полиция күштері жіберілді. Шабуыл жасағандарды ұстау үшін ауқымды операция басталды.