Мексикада «Әйелдер арасындағы GGG»-дің айқасы өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жеңіл салмақтағы қазақстандық боксшы Аида Сатыбалдинова (3-1-1) 30 қыркүйек күні таңертең кәсіпқой рингтегі өзінің кезекті айқасын өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан кәсіпқой боксы» ВКонтакте әлеуметтік желісінде мәлім еткендей, шетелде «Леди Спарта» және «Әйелдер арасындағы GGG» лақап аттарымен танымал Аиданың жекпе-жегі Мексиканың Тихуана қаласында өтеді. Оның қарсыласы жергілікті спортшы Вероника Вальтиерра. Вальтиерра үшін бұл профирингтегі алғашқы айқас.


Бүгін боксшы қыздардың салмақ өлшеу рәсімі өтті. Сатыбалдинова Инстаграмдағы парақшасында ертеңгі жекпе-жекке дайындығына қатысты пікірін білдірді.

«Айқасқа дайынмын. Мексикада жұдырықтасу ұнайды. Себебі мексикалықтар жұдырықтасудан тайсалмайды! Ертең қайтып оралғанымды және бұрынғыдан мықтырақ екенімді көрсетемін», - деп жазды ол.

Еске салайық, қазақстандық боксшы қыз соңғы рет рингке 7 шілде күні АҚШ-тың Корпус-Кристи қаласында шыққан болатын. Ол кезде америкалық Селины Барриостан (4-0, 2КО) нокаутпен жеңілген еді.

Кейін спортшы бұл жеңіліс алаңғасарлықтан болғанын және оған өзі кінәлі екенін айтты.