Мексикада Димаш Құдайбергеннің әуе шарларынан 4,5 метрлік мүсіні жасалды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Димаш Құдайбергеннің Латын Америкасы елдеріне жоспарланған концерттік туры қарсаңында әншінің Мексикадағы жанкүйерлері ерекше шығармашылық жобаны жүзеге асырды.

Фото: dimashnews.com

Мексикалық Dears қауымдастығының мүшесі, әуе шарларынан көркем мүсіндер жасаумен айналысатын суретші Ольга Лидия Эрнандес шығармашылық тобымен және Dimash & Dears Regias фан-клубының қатысушыларымен бірлесіп, Димаш Құдайбергеннің биіктігі 4,5 метр болатын мүсінін жасаған.

Көркем инсталляция Монтеррей қаласындағы (Нуэво-Леон штаты) ірі сауда орталықтарының бірінде орнатылды. Дәл осы қалада 2026 жылғы 14 қарашада Димаштың DiMENSIONS жаңа әлемдік туры аясындағы концерті өтеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның негізгі мақсаты – қала тұрғындарын қазақстандық өнерпаздың шығармашылығымен таныстыру және алдағы концертке көпшіліктің назарын аудару. Ерекше мүсін қазірдің өзінде сауда орталығына келушілердің қызығушылығын тудырып, Димаш Құдайбергеннің Монтеррей қаласына алдағы сапарының жарқын символына айналып отыр.

Айта кетелік Димаштың әндері Мексикадағы FIFA Fan Fest фестивалінде шырқалған еді