Мексикада футбол командасы мінген автобус аударылып кетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мичоакан штатының «Ребосерос де ла Пьедад» футбол командасы мінген автобус орталық Мексикадағы Морелос штатында аударылып кетті.

 Жол апатынан сегіз футболшы мен бапкерлер штабының өкілдері зардап шекті, деп хабарлайды «Телевиса» телеарнасы.

Оқыс оқиғаның жай-жапсары тексерілуде. Алдын ала нұсқаларға қарағанда апатқа көлік құралының тежегішіндегі ақау себеп болған. Жарақаттанғандарға тиісті көмек көрсетілді.

«Ребосерос де ла Пьедад» Мексика чемпионатының екінші лигасында ойнайды. Сәрсенбі күні олар Куэрнавака қаласында «Альконес Морелосқа» қарсы алаңға шығуы тиіс болатын.