Мексикада крематорийден 383 адамның мәйіті табылды
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-пен шекара маңында орналасқан Мексиканың Сьюдад-Хуарес қаласындағы крематорийлердің бірінен 383 адамның сүйегі табылды. Жергілікті биліктің хабарлауынша, бұл мекеме қаладағы алты түрлі жерлеу бюросына қызмет көрсеткен, деп хабарлайды Anadolu.
Чиуауа штаты прокуратурасының мәліметінше, тексеру белгісіз біреудің анонимді қоңырау шалғанынан кейін басталған. Крематорий ғимаратына жүргізілген тінту барысында жүздеген мәйітпен қатар, өзге де адам қалдықтары анықталған. Алдын ала деректер бойынша, олардың бір бөлігі бұл жерде 3-4 жылдан бері сақталып келген.
Штат прокуроры Сесар Хауреги Мореноның айтуынша, табылған мәйіттердің саны бұл мекеменің кремация қызметін шын мәнінде атқарғанына күмән келтіреді.
— Бұл адамдардың бәріне жерлеу рәсімдері өткізілген. Алайда шын мәніндегі мақсат не болғанын ешкім білмейді, — деді ол.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, крематорийдің барлық қажетті лицензиясы болғанымен, ол жұмыс тәртібіне қойылған талаптарды өрескел бұзған. Қазіргі таңда мекеме жабылып, оның иесі мен бір қызметкері қамауға алынған.
Чиуауа штатының губернаторы Мару Кампос крематорий қызметкерлерін «жауапсыз әрі тасжүрек адамдар» деп атап, олардың лицензия мен рұқсаттарды өз пайдасына заңсыз пайдаланғанын айтты.
Билік аталған крематорийде осыншама көп мәйіттің не себепті сақталғанын анықтау мақсатында тергеуді жалғастырып жатыр. Мекеме қаладағы бірнеше жерлеу агенттігіне қызмет көрсеткен.
Айта кетейік, мамыр айында Мексикада мэрлікке кандидат сайлау алдындағы шеру кезінде атып өлтірілгенін жазған едік.