Мексикада нөсер жауын салдарынан мерт болғандар саны 64-ке жетті
АСТАНА. KAZINFORM – Мексикада нөсер жауын салдарынан болған су тасқынынан қаза болғандар саны 64–ке жетті. Тағы 65 адам із-түзсіз кеткендер қатарында, деп хабарлайды Анадолы.
Ұлттық азаматтық қорғау үйлестіру басқармасы (CNPC) таратқан мәліметке сәйкес, өткен аптадан бері «Присцилла» мен «Раймонд» тропикалық дауылдарының әсерінен болған нөсер жаңбыр салдарынан қаза тапқандар саны артқан.
Агенттіктің хабарлауынша, ең көп адам шығыны мен із-түзсіз жоғалу жағдайлары Веракрус, Пуэбла, Идальго, Керетаро және Сан-Луис-Потоси штаттарында тіркелген.
Мексика президенті Клаудия Шейнбаум Ұлттық сарайда өткен күнделікті баспасөз мәслихатында зардап шеккен аймақтарға көмек көрсету үшін құтқару топтары жұмылдырылғанын айтты.
Оның мәлімдеуінше, су басқан өңірлерге киім-кешек, гигиеналық құралдар, ауызсу мен азық-түлікті жеткізу жұмыстарын жеделдету үшін қосымша топтар жіберілген.
«Біз қалпына келтіру және табиғи апаттан зардап шеккендерді қолдау шараларын толық жүзеге асырамыз», — деді Шейнбаум.
Мексикалық БАҚ деректеріне сүйенсек, соңғы жылдардағы ең ірі су тасқыны салдарынан зардап шеккендер саны 250 мыңнан асып, 50 мың үйдің бүлінгені анықталған.
Осыған дейін Мексикада нөсер жауын салдарынан қаза тапқандар саны 41-ге жеткені туралы жаздық.