Мексикада туристік автобус апатқа ұшырап, кемінде 7 адам ажал құшты

АСТАНА. KAZINFORM — Сенбі күні Мексиканың батысындағы Мичоакан штатында туристік автобустың аударылуы салдарынан кемінде жеті адам қаза тауып, тағы бірнеше адам жарақат алды. Бұл туралы жергілікті билік хабарлады, деп жазады Синьхуа.

Фото: X

Штаттың Бас прокуратурасы әлеуметтік желілерде автобустың Уруапан қаласынан шығып, Тлальпухауа муниципалитетіне қарай бет алғанын мәлімдеді. Оқиға орнына тергеушілер мен сот-медициналық сарапшылар жіберілген.

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, кемінде 20 жолаушы жарақат алған. Алдын ала мәлімет бойынша, билік әлі апаттың себебін анықтамаған, тергеу жалғасып жатыр.

Мексикада жол-көлік оқиғалары өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі саналады. Ресми деректерге сәйкес, 2024 жылы ел бойынша 374 949 жол апаты тіркелген, оның салдарынан 4 656 адам қаза тауып, 85 980 адам жарақат алған.

Осыдан бұрын 9 айда Өзбекстанда жол апатынан 1300-ден астам адам көз жұмғанын жазған едік.