Мексикадағы атыс барысында 39 адам қаза тапты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мексикалық Мичоакан штатындағы атыста кем дегенде 39 адам көз жұмды, деп хабарлады Би-би-си.

Полицейлер мен қаруланған қаскөйлер арасындағы қақтығыс Мичоакан және Халиско штаттары шекарасының маңындағы Тануато ауылының жанында болған. Қаруланған қаскөйлер есірткі мафиясының мүшелері болуы мүмкін.

Мичоакан штаты бірнеше жылдан бері қақтығысып жатқан есірткі картельдерінің «күрес алаңына» айналды. Жергілікті тұрғындар 2013 жылы есірткі мафиясына қарсы күресетін еріктілер тобын құра бастады.

Өткен аптада Мичоакан штатында сайлауалды митинг кезінде мексикалық Юрекуаро қаласының мэрі болуға үмітті Энрике Эрнандес ажал құшты. Белгісіз біреулер Эрнандес сөйлеп жатқан кезде оқ атқан. Эрнандес 2013 жылдан бері Мичоакан мафиясына қарсы әрекет етіп жатқан жергілікті өзін-өзі қорғау қозғалысының лидері болған.