Мексикадағы жер сілкінісінің салдарынан 800-ден астам үй қирады

АСТАНА. 22 наурыз. ҚазАқпарат - АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметтеріне қарағанда, Мексикадағы жер сілкінісінің тербелісі 7,4 балл болған, деп хабарлады Би-Би-Си-дің Орыс қызметі.

Жерасты дүмпуінің кіндігі Герреро штатының Ометепек қаласынан 25 шақырым жерде болды. Жергілікті өкімет орындарының ақпаратына қарағанда кемінде 800 үй қираған.

Құрбандар туралы ақпарат әзірге түскен жоқ. Жергілікті билік Ометепек қаласындағы және оның маңындағы барлық мектептер мен қоғамдық мекемелерді тексеріп шығуға пәрмен берді. Куәгерлердің айтуынша, жер сілкінісі кезде жүздеген қызметкерлер кеңселерінен көшеге қашып шыққан. Қалада дабыл үні құлақ тұндырады, қала үстін полицейлік тікұшақтар шолып жүр.