«Премьер-министр Маңғыстау облысында оқушылардың улануы оқиғасына байланысты мәселені өзінің бақылауына алып, мектеп асханаларында санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің тексеру жұмыстарын жүргізуді міндеттеді. „AMANAT“ партиясының фракция мүшелері тарапынан аталған мәселе үнемі көтеріліп келеді. Бірақ, жауапты ведомства өкілдері де, жергілікті атқарушы органдар да салғырттық танытып жатыр. Қазіргі кезде санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мектеп асханаларын жүйелі түрде тексере алмай отыр. Себебі, шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жарияланған кезеңде, асханалар ұзақ уақыт бойы тексеруден өтпеген. Қазір мараторий алынып тасталды. Осыған байланысты санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мектеп асханаларын тұрақты түрде тексеруін қамтамасыз ету қажет. Улану жағдайлары орын алған кезде, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жауапкершілігі де қарастырылсын», — деді Н. Дементьева Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенованың атына жолдаған сауалында.
Оның айтуынша, мектеп асханаларына жеткізілетін тағам өнімдерінің сапасы мен олардың жарамдылық мерзімін бақылауды күшейту қажет.
Ветеринарлық және санитарлық бақылау жүйелерінің тиімділігін арттыру мақсатында мектеп асханаларына жеткізілетін өнімдердің қайдан алынғаны, оның ішінде ет пен сүт өнімдерінің нақты қай шаруашылықтан немесе базардан жеткізілгені туралы ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету керек.
Бұл ретте, азық-түлік өнімдерінің сапасы, қауіпсіздігі және сақтау мерзіміне байланысты талаптар қатаң сақталуы тиіс. Жауапты органдар мектептерге жеткізілетін барлық тағам өнімдерінің сертификатталуын және олардың сапасын жүйелі түрде тексеруді қамтамасыз етуі тиіс.
Осы іс-шаралар Үкімет деңгейінде реттеліп, ветеринарлық бақылау жүйесіне қосымша талаптар енгізілуі қажет.
«Мектеп асханаларын тамақпен қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік сатып алу ережелерін жетілдіру өзекті. Қазіргі кезде бұл салада монополияға жол бермес үшін мектептерге арналған тендерлерде ашықтық пен бәсекелестікті қамтамасыз ететін талаптарды күшейту керек. Атап айтқанда, мемлекеттік сатып алулар туралы ережеге мектеп асханалары үшін тамақ өнімдерін жеткізу бойынша тендерге қатысатындарға қойылатын талаптарды нақтылап, 1 компанияның неше мектепте тендер ұтып алу мүмкіндігін шектеуге байланысты өзгерістер енгізу қажет. Сатып алу процесінің тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету үшін қаржылық бақылауды күшейтіп, мердігерлердің жауапкершілігін арттыру жөнінде шаралар қабылдау керек», — деді депутат.
Еске салайық, 6 қыркүйек күні Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылында № 8 мектептің бастауыш сыныптарында оқитын оқушылар астан уланып қалды.
Осы оқиғаға қатысты қылмыстық істі бірлескен жұмыс тобы тергеп жатыр. Оның құрамында полиция, экономикалық тергеу департаменті мен прокуратура қызметкерлері бар.