Мектеп асханаларында қанты мен тұзы көп тағамдар болмайды
АСТАНА. KAZINFORM – Мектеп асханаларында көкөніс пен жемістер, сүт өнімдері көбірек ұсынылады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлім етті.
- Биыл 312 мектеп пен мектеп асханаларына тексеру жүргізілді, бұл мектептердің 4 пайызы ғана. Жалпы, тексеру нәтижелері бойынша 246 нұсқама берілді, 117 адам жалпы сомасы 31 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар 90 қызметкер жұмыстан шеттетілді, сотқа 8 материал жіберілді, - деді А. Әлназарова Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, жыл сайын мектептердің жаңа оқу жылына дайындығына мониторинг жүргізіледі. Қазір 2 мыңға жуық мектеп мониторингпен қамтылды. Министрлік мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын балалар объектілерінде мемлекеттік бақылауды күшейту бойынша жаңа тәсілдерді әзірледі.
- 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап білім беру ұйымдарында жаңа Тамақтану стандарты енгізіледі. Стандарт дұрыс тамақтануға қойылатын заманауи халықаралық талаптарды ескере отырып әзірленген және қантты тұтынуды 3,6 есеге дейін, тұзды 5 есеге дейін азайтуды, сондай-ақ көкөністер, жемістер мен сүт өнімдерін тұтынуды арттыруды көздейді. Стандарт шағын жинақты мектептерде, буфеттерде тамақтануды ұйымдастыруға және арнайы диеталық қажеттіліктері бар балалардың тамақтануына қойылатын талаптарды қамтиды. Тамақтану стандартын іске асыру үшін мектепте тамақтануға арналған бірнеше нұсқалы үлгілік стандартты ас мәзірі әзірленді, алғаш рет ыстық тағам әзірлеуге мүмкіндігі жоқ шағын жинақты мектептерге арналған мәзір жасалды, - деді министр.
Еске салсақ, мектепте оқушыларды тамақтандыруға қатысты өзгерістер қабылданғанын жазған едік.