Мектеп басшыларының заңсыз әрекеттері адам өліміне соқтыруда

АСТАНА. 4 қараша. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Еліміздегі кейбір білім беру мекемелеріндегі басшылардың заңсыз әрекеттерінің соңы мекеме қызметкерлерінің ауыр жарақаттар алуына, тіпті адам өліміне алып келіп соқтыруда», - дейді Бас прокуратураның ресми өкілі Жандос Өмірәлиев. Бұл туралы ол бүгін журналистермен болған брифингте мәлім етті.

Ресми өкілдің сөзіне қарағанда, Ақтөбе облысында мектеп басшысының өз ұжымында еден жуушы болып жұмыс істейтін екі әйел азаматшаны заңсыз түрде жөндеу жұмыстарымен айналысуға мәжбүрлеудің салдарынан екі әйел де осы жұмыстар барысында көз жұмды. Осы уақытта аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, ол бойынша тергеу амалдары жалғасуда. «Техникалық қызмет көрсететін азаматтардың жөндеу жұмыстары барысында ауыр жарақат алу жағдайлары Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында да орын алды. Қостанай облысында Киев орта мектебінің ұстаздары кезекті еңбек демалыстарынан қайта шақырылып, жөндеу жұмыстарымен айналысуға мәжбүр болған. Ал бұл еңбек заңнамасын өрескел түрде бұзу. Бұл ұстаздар тіпті жөндеу жұмыстарын қойып, терезелардің қаңқаларын ауыстыру, кірпіш қалау, қабырғаны әктеу сияқты жұмыстарды да атқарған», деді ресми өкіл.

Оның деректері бойынша, Алматы, Жамбыл, Павлодар, Ақмола, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Атырау облыстарында ата-аналар мен мектеп оқушыларын жөндеу жұмыстарына тарту жағдайлары орын алған. «Ал Екібастұздағы мектептердің бірінде оқушылардан сыныптарды жөндеу үшін 200 теңге және одан да көп көлемде қаржы жинау тапсырылған. Ал белгіленген қаржыны өткізе алмаған оқушылардың ата-аналары мектепті жөндеу жұмыстарына тартылған», - деді Ж.Өмірәлиев.

Осы тектес заң бұзушылықтар жөнінде 47 прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, Үкіметке орын алған кемшіліктерді жою жөнінде ұсыныс түсірілген. Сондай-ақ аталмыш ұсыныста жергілікті атқарушы органдар өкілдеріне мектептерге жеткілікті мөлшерде қаржы қарастыру қажеттігі көрсетілген. Себебі көптеген мектептер қаржының жетіспеушілігінен жөндеу жұмыстарын өздерінің күшімен жүргізуге мәжбүр.