Мектеп бітірушілердің әрбір екіншісін кәсіптік оқуға бағыттағанда мемлекеттің 25 млрд теңгесі үнемделер еді - сенатор М. Бақтиярұлы

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылғы мектеп бітірушілердің әрбір екіншісін кәсіптік оқуға бағыттай алғанда мемлекеттің 25 млрд. теңгесі үнемделер еді. Бүгін Сенат отырысында дербес білім беру ұйымдарының қызметін реттеу мәселелеріне арналған заң жобасын талқылау барысында сенатор Мұрат Бақтиярұлы осындай пікір білдірді.

«Биылғы мектеп бітірген оқушылардың 44 мыңы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан жоқ. Ал ҰБТ-ға қатысқан 81 мың оқушының 15 мыңы, яғни әрбір бесінші талапкер 50 баллдан төмен көрсеткіште болып отыр. Демек, биылғы оқу жылында еліміздің орта мектептерін бітірген 125 мың оқушының 60 мыңын, яғни әрбір екінші оқушыны тоғызыншы сыныптан кейін кәсіптік оқуға бағыттай алғанда6 мемлекеттің 25 млрд. теңгесін үнемдеген болар едік», - деді сенатор.

Бұл ретте депутат М. Бақтиярұлы министрліктің орта білім беру саласын жан басына қарай қаржыландыру мәселесін кешеуілдетіп жатқанын да сынға алды. Оның пайымынша, бұл істі соза беруге де болмайды.

Бұдан бөлек, депутат Білім министрлігінің кәсіптік орта оқу орындарын бітірушілердің жоғары оқу орнына түсу үшін орта мектеп бағдарламасы негізінде тест тапсыруы туралы шешіміне де сын айтты. Оның сөзіне қарағанда, орта мектептің бағдарламасы бойынша пән сабақтарын колледж оқушылары қысқартылған түрде ғана оқиды. «Елімізде жыл сайын кәсіптік орта оқу орындарын 80 мыңға жуық оқушы бітіреді. Олардың басым бөлігі жоғары оқу орындарына түсу үшін кешенді тест тапсырады. Соңғы үш жыл бойы кәсіптік орта оқу орынын бітіріп, жоғары оқу орнына түскісі келгендердің 70 пайызы кешенді тестілеуден өте алмаған. Бұл өскелең ұрпаққа жасап жатқан тәжірибе секілді көрінеді», - деді М. Бақтиярұлы.

Соңғы жаңалықтар