Мектеп директорларын облыстық білім департаменттері тағайындайтын болды және олар әр бес жыл сайын ауыстырылады
Бұл туралы бүгін Астанада Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласын түсіндіру бойынша ақпараттық-насихаттың негізгі бағыттарын айқындау жөнінде өткен кеңесте Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбеков мәлім етті.
«Мемлекет басшысы директорлық корпустың сапалық әлеуетін жақсартуға қатысты тапсырмалар жүктеген болатын. Әрине бұл қарапайым мәселе емес. Әсіресе БАҚ-та мектеп директорларының облыстық басқармалардың келісімінсіз тағайындалатыны туралы жиі мәселе көтерілген болатын. Бүгінгі күні бұл құзырет аудан әкімінде. Ал министрлікте осы мәселенің шешімін табу үшін Орта білім мемлекеттік мекемелеріндегі басшылықтарды конкурстық ауыстыру ережелерін бекіту туралы бұйрық шығарылды», - дейді вице-министр.
Оның айтуынша, облыстық білім департаментінің келісімінен бөлек, директорларды тағайындауға қатысты тағы бір жаңалық бар - бұл әр бес жыл сайын директор конкурс арқылы ауыстырылатын болады. «Яғни, іс басындағы директорлар үшін тағайындауды ұзарту деген мүлдем болмайды», - дейді М. Сарыбеков.