Мектеп директорларын тағайындау конкурсына Шымкент қаласының әкімі төрағалық етті

None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен Шымкент қаласының білім бөліміне қарасты №71және №95 жалпы орта мектептерінің директорларын тағайындау конкурсы өтті.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп мұғалімдерінің Тамыз Кеңесінде қала әкімі мектеп директорларын тағайындау бойынша үміткер азаматтардан өзі сынақ алатынын айтқан еді. Яғни, мектеп директорларын тағайындау конкурсына арнайы комиссия құрамы белгіленіп, үміткерлердің біліктілігі жан-жақты тексерілмек. Ел аумағында алғаш рет қолға алынып отырған мұндай сынақ, өз кезегінде, конкурстың ашықтығына, шынайылығына лайықты көрсеткіш болмақ. Бұл жолы конкурсқа қатысуға барлығы 6 үміткер өтініш беріпті. Бұған дейін бірқатар басшылық міндеттерді атқарған үміткерлердің 15-тен бастап 32 жылдық еңбек өтілі бар. Сонымен, №71 жалпы орта мектебі бойынша лайықты үміткердің болмауы себепті, конкурс қайта өткізуге ұйғарылса, №95 жалпы орта мектебінің директоры лауазымына осы уақытқа дейін аталмыш мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келген Айман Қамбарова лайықты деп танылды.