Видеоны мектеп бітіруші түлектердің бірінің анасы жариялаған. Онда ғимараттың сыртқы қаптамасы бүлінгені көрсетілген. Автор оқу жылы алдында мектептің мынандай жағдайда тұрғанына алаңдаушылық білдірді.
— 40-шы мектептің жағдайын қараңдар. Осы бетінше балаларды бірінші қыркүйекте оқуға қабылдамақ. Мектептің қасбеті өзі құлап қалды дегенді қалай түсінуге болады? Құласа, мемлекеттен қаржы сұрап, жөндеу жұмысын жүргізу керек қой. Мектеп емес, қора сияқты, — дейді Шымкент тұрғыны өз бейнежазбасында.
Видео жарияланғаннан кейін желі қолданушылары «бұл — мектептің ескі корпусы» екенін жазды. Айтуларынша, оның артында жаңа ғимарат орналасқан. Бұл пікірлерден кейін бейнеролик авторы мектепке қайта барды. Ол жолы аумақты түгел аралап, басқа жағын да түсірді.
— Маған пікір білдірушілер бұл ескі ғимарат, ал оның артында жаңасы бар деп жазды. Міне, мен көрсетіп тұрмын: ғимарат артында тек ағаштар мен алаң ғана бар, басқа ештеңе жоқ. Бұл мәселе бойынша мен мектеп әкімшілігіне жүгіндім. Күрделі жөндеу жұмыстары 2027 жылы жасалады деген жауап алдым. Мектептің жөнделмегеніне 12 жыл болған. Менің балам 11-ші сыныпта оқиды. Мен жолдың арғы бетінде тұрамын. Бірақ мектептің жағдайын көргенде зәрем ұшты, — деп баяндады бейнежазба авторы.
Шымкент қаласының білім басқармасы мектепте күрделі жөндеу жұмысы 2014 жылы жүргізілгенін растады. Ол кезде мектеп терезелері мен есіктері, шатыры, қасбеті мен қабырғалары жаңартылған.
— Мектептің қазіргі техникалық жағдайын анықтау мақсатында техникалық сараптама жүргізілді. Сараптама нәтижесіне сәйкес, қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, — дейді білім басқармасы.
Күрделі жөндеу жұмысы 2027 жылға жоспарланған.
Ведомство жоспарланған жөндеу жұмысы барысында ғимараттың техникалық жағдайына сәйкес толық кешенді жұмыс жүргізу көзделетінін нақтылады. Оның ішінде қасбетті қалпына келтіру де қамтылады.
Бұрын Атырау облысындағы ауылдық мектептің жағдайы туралы хабарланған. Ата-аналардың айтуынша ғимараттың шатырынан су ағады. Қабырғаларда жарықтар бар. Соған қарамастан күрделі жөндеу жұмыстары әлі басталмады.
Аударған: Айым Еркінбекқызы