5 жылда 1 120 мектеп салынды
Кейінгі жылдары білім саласына бөлінген қаржы да, назар да ұлғайды. Мысалы, жеті жыл ішінде білім беру саласына 6,4 триллион теңге бөлінді. Бұл қаржының дені мектеп құрылысына, білім беру базасына және педагогикалық құрамды қамтамасыз етуге бағытталған. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 5 жылда 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1120 мектеп салынып, 5 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық қоры жаңартылды. Ал білім ошақтарында 7 мыңнан астам заманауи үлгідегі пән кабинеттері жасақталды.
Осы орайда «Жайлы мектептердің» жайын айта кеткен дұрыс. Кейінгі екі жылда басталған үрдіс білім беру саласына тың серпін берді. Өйткені заманауи жайлы мектепттер ауылдағы баланың қаладағы қатарластарымен тең дәрежеде білім алуына мүмкіндік берді. Нақтырақ айтсақ, бүгінге дейін салынған 217 «Жайлы мектептің» 84-і ауылдық жерлерде орналасқан. Бұл мектептерде STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері, коворкингтер, хореография және спортзалдар бар. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары бөлек блоктарда білім алады, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта жасалған.
Мұндай материалдық-техникалық база білім сапасына оң әсер еткені түсінікті. Оны Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінен көруге болады. Биыл ҰБТ-ға 233 мыңға жуық талапкер қатысып, 177 мыңға жуығы шекті балл жинаған – бұл қатысушылардың 76%-ы.
Жалпы талапкерлерге ҰБТ-ны екі рет тапсыруға мүмкіндік берілген болатын. Түлектер соның ішінен ең жоғары нәтижемен грант конкурсына қатысуға мүмкіндік алды. Бұл мемлекеттік білім грантын иелену ықтималдығын анағұрлым көбейткені анық. Сондықтан 233 мың талапкер тестілеуді жалпы 422 мың рет тапсырды.
Нәтижесінде 75 мыңнан астам талапкер жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды. Ал «Серпін» жобасы аясында 2 мыңнан астам грант иегері Солтүстік, Шығыс және Орталық Қазақстандағы жетекші жоғары оқу орындарында білім алмақ.
Педагог, білім беру орталығының басшысы Ырысбек Мәуіт білім деңгейінің жоғарылауын саладағы реформаның нәтижесі деген пікірде.
– Қытайда 10 жылдан астам мұғалім болып жұмыс істедім. Қазір Қазақстанда осы салада қызмет етіп жүрмін. Байқағаным, саладағы реформалар жемісін берді. Біріншіден, кейінгі жылдары мектептегі функционалды сауаттылық деңгейі артып келеді. Екіншіден, «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алған жастардың көбі мектептерде білім беруде. Үшіншіден, педагогтардың біліктілігін арттыру жұмыстары бір жүйеге түсті. Мұның барлығы баланың білім деңгейіне тікелей әсер ететін фактор, – дейді педагог.
Ұстаз мәртебесін көтеру ісі жалғасады
Білімнің сапасы ұстазға байланысты, сондықан Үкімет мұғалімдерге жан-жақты қолдау білдіруден танған емес. Бұған дейін «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданып, жалақы мөлшері де өсті. Биыл бұл заңға толықтыру енгізіліп, ұстаздарға қосымша құқықтық және әлеуметтік кепілдіктер беріліп отыр. Тіпті, 5 қазан күні ұстаздардың кәсіби мерекесі ретінде нақты бекітілді.
Өткен аптада өткен Тамыз конференциясында Мемлекет басшысы да мәртебелі мамандық иелеріне көрсетілген құрметтің бірқатарын айтқан еді.
– Мемлекеттік марапаттар тізіміне «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізілді. Бұл мәртебелі наградамен марапатталған тұлғаларға қомақты сыйақы беріліп жатыр. Қазірдің өзінде 100-ге жуық мұғалім марапатталды. Басқа да лайықты ұстаздар мемлекет назарынан тыс қалмай, осы құрметті атаққа ие болары күмәнсіз. Соңғы үш жылда еліміздегі 3 мұғалімге ең жоғары мемлекеттік награда – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Бұл ұстаздар қауымына деген айрықша құрметтің белгісі екені сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент тақырып аясында TALIS-2024 зерттеуінің нәтижесін бөліскен болатын. Айтуынша, Қазақстан мұғалімдердің беделін нығайту көрсеткіші жөнінен әлемде екінші орында тұр. Сондай-ақ ұстаздардың еңбекақыға қанағаттану өлшемі бойынша еліміз әлемдегі алғашқы бес мемлекеттің қатарына кіреді.
Мұғалімнің беделін құрметтен ғана емес, жалақы деңгейінен де аңғару қиын емес. Есте болса, 2020 жылдан бастап мемлекеттік білім беру ұйымдары педагогтарының лауазымдық жалақылары төрт жыл бойы жыл сайын 25%-ға артып отырды. Осылайша, 2023 жылы педагогтардың жалақысы 2019 жылмен салыстырғанда 100%-ға өскен.
Оған қоса біліктілік деңгейіне байланысты қосымша ақы тағы бар. Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, «педагог-шебер» – лауазымдық жалақысының 50%-ы, «педагог-зерттеуші» – 40%, «педагог-сарапшы» – 35%, «педагог-модератор» – 30% көлемінде алады.
Мектептерде профориентолог маман жеткілікті ме?
Өткен оқу жылынан бастап мектептерде педагог-кәсіптік бағдар беруші лауазымы ресми енгізілді. Олар оқушыларға болашақ мамандығын таңдауға жәрдемдесіп, сапалы кадр даярлауға септігін тигізуде.
Профориентолог Толқын Ізмаханның сөзінше, өткен жылдағы басты жаңалық – осы. Себебі бұған дейін мектептерде кәсіби бағдар дұрыс берілмегендіктен кей түлек мамандықты қате таңдайтын. Бұл білім саласына да, еңбек нарығына да кері әсер етіп келді.
– Оқушылардың мамандықты қателеспей таңдауы аса маңызды. Мектептердегі әріптестерім баланың қызығушылғы мен қабілетіне қарай мамандық таңдап, профориентологиялық тесттер арқылы бағыт-бағдар беруді бастады. Соның нәтижесінде түлектер мамандығын жауапкершілікпен таңдауда. Бұрынғыдай ата-анасының, ортасының ығына жығылмай, керісінше, болмыс-бітіміне, қарым-қабілетіне қарай шешім қабылдауды үйренді. Бұған мектептерлегі профориентолог мамандардың ықпалы зор, – дейді Толқын Ізмахан.
Қазақстанда 8 мыңнан астам мектеп бар. Әрбірін жеке профориентологпен қамту мүмкін емес. Әсіресе ауылдық және шағын елді мекендерде маман тапшылығы қатты сезіледі. Оған қоса жаңа лауазым бекітілгенімен, аталған бағытта әлі кәсіби кадрларды даярлау, олардың біліктілігін арттыру жұмысы жүйелі жолға қойыла қойған жоқ.
Халықаралық профориентаторлар бірлестігінің мүшесі Динара Төлеуқызы мәселені шешудің бірнеше әдісін ұсынды. Педагогтерге арнайы курстар мен қайта даярлау бағдарламаларын ұйымдастыру керек. Психологтар, сынып жетекшілері, тәлімгерлерге арналған сертификатталған қайта даярлау курстарын әзірлеу маңызды.
– Екіншіден, заманауи әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету керек. Профориентологтарға арналған әдістемелік жинақтар, диагностикалық тесттер, жұмыс дәптерлері, оқушы бағыттамалары әзірленіп, барлық мектепке жеткізілуі тиіс.
Үшіншіден, цифрлық білім беру мүмкіндіктерін пайдалану керек. Онлайн вебинарлар, тәжірибе алмасу алаңдары, тренингтер ұйымдастыру – шалғайдағы педагогтер үшін өте тиімді.
Төртіншіден, ЖОО-да «Кәсіптік бағдар және мансаптық кеңес» пәнін міндетті етіп, арнайы бакалавриат немесе магистратура бағдарламаларын ашса, жақсы болар еді, – дейді маман.
Сарапшының болжамынша, мектеп ішіндегі кадрларды қайта бейімдеу көмек беруі мүмкін. Педагог-психолог, әлеуметтік педагог, тәлімгерлерге профориентация негіздерін үйрету арқылы оларды қосымша кәсіби бағдар беруші ретінде дайындауға болады. Бұл кадр жетіспеушілігін шешудің тиімді жолы болмақ.
Оқу бағдарламасы: ЖИ және Конституция
Оқу-ағарту министрлігінің мұндай бастаманы көтеріп жүргеніне көп болды. Бірнеше жыл қатарынан айтылған ой биыл нақты іске асатын секілді. Ведомствоның хабарлауынша, 1-4-сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәнінің атауы «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», ал 5-11-сыныптардағы «Информатика» пәнінің атауы «Информатика және жасанды интеллект» болып өзгертілген. Оқу бағдарламаларының мазмұнына жасанды интеллект бойынша жаңа бөлімдер қосылған.
ЖИ сарапшысы, «Жасанды интеллект әліппесі» кітабының авторы Мейіржан Әуелханұлының айтуынша, ЖИ-ді енгізу дәстүрлі оқыту жүйесін түбегелі өзгертеді.
– ЖИ негізінде оқушылардың өзі жоба жасауға қарай ойысуы мүмкін. Тағы бір ерекшелік, жасанды зейін әр оқушының деңгейіне бағатталған оқу форматын қалыптастыруға, интерактивті білім беру жүйесін жетілдіруге көмегін береді.
Дегенмен, бұл өзгеріс бір жылда аяқталатын шаруа емес. Адамдардың технологияны қолдануы әртүрлі, ЖИ-ді енгізу жүйесінде де біршама кедергілер шығуы ықтимал. Бірақ міндетті түрде соңғы нәтиже жасанды интеллектіні толық енгізумен бітеді, – деді Мейіржан Әуелханұлы.
Сарапшы ЖИ-дің дендеп енуі мұғалім рөлін төмендетпейді деген ұстанымда.
– Түбегейлі өзгеріс педагогикалық құрамның маңызын азайтпайды. Тек функционалды қызмет аясында ерекшелік болуы ықтимал. Жасанды интеллект оқушыларға тек ақпарат беретін құрал екенін ескерсек, ұстаздар негізгі білімді жүйелеуші, басты тәрбие мен адами қолдаудың өзегі болып қала бермек, – деп толықтырды спикер.
Жасанды интеллект дәуірінде жекелеген білім беру жүйесін құруға мүмкіндік бар. Оның үстіне жақында Қазақстанға суперкомпьютерлер әкелінді әрі жасанды интеллект министрлігі құрылды. Бұл дегеніміз, бұрын түрлі министрліктің құзырында шашыраңқы жүзеге асқан ЖИ жобалары енді бір жүйеге түседі дегенді білдіреді. Бюрократиялық кедергілер жойылып, мектептердегі технологиялық үрдістің кең таралатын күні жақын.
Сонымен қатар мектептерде құқықтық сауат, азаматтық жауапкершілік, қауіпсіз мінез-құлық дағдылары қатар дамымақ. Оқу бағдарламасына осы бағыттағы курстары енгізіліп отыр. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, білім беру мазмұны жаңа Конституция қағидаттарына сәйкес жаңартылып, үлгілік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламалары қайта қаралған. Қазірдің өзінде мектеп бағдарламасы «Конституция негіздері», «Заң және Тәртіп» және «Жеке қауіпсіздік» пәндерімен толықты.
Бүгіннен бастап не өзгереді?
Жалпы,2026-2027 оқу жылында бірқатар өзгеріс орын алады. Мысалы, бүгіннен бастап педагогтарды аттестаттаудың жаңа тәртібі пилоттық режимде іске қосылды. Енді аттестаттау кезінде эссе, авторлық бағдарлама, оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеу міндетті емес. Ал біліктілік санаттары мерзімі аяқталғанға дейін жарамды болады.
Бұдан өзге:
- формативтік бағалаудың тоқсандық бағадағы үлесі 25%-дан 50%-ға дейін артады;
- тоқсандық жиынтық бағалау – ТЖБ өткізілмейді;
- 3 және 7-сыныптар жаңа оқулықтарға көшеді;
- 2-4 сынып оқушылары 1 қыркүйектен бастап жаңа тәсілмен бағаланады;
- 1-4 сыныптардағы «математика» пәнінің оқу бағдарламасы қайта қаралады;
- AI енгізу пилоттық мектептерде сынақтан өтеді;
- сабақ кезінде оқушылардың смартфон пайдалануына шектеу енгізіледі.
Жаңа оқу жылының басталуы оқушыларға ғана емес, тұтас орта білім беру жүйесі үшін де маңызды. Себебі бүгін мектептердегі бастамалардың қандай нәтижесі мен реформалардың әсерін бағалауға бір қадам жақындаймыз.