Мектеп инспекторлары мен әлеуметтік педагогтар жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттырмақ

АСТАНА. Қыркүйектің 16-сы. ҚазАқпарат - Мектеп инспекторлары мен әлеуметтік педагогтар қазақстандық жасөспірімдердің заңға мойынсынуын қалыптастырып, құқықтық сауаттылығын арттырмақ.

«Қыркүйектің 13-інен бастап қазанның 6-сына дейін елордада «Полиция және мектеп» атты кең ауқымды акция өтуде. Аталған шараның негізгі мақсаты - жасөспірімдердің заңға мойынсынуын қалыптастырып, құқықтық сауаттылығын арттыру», дейді Астана қалалық ІІД-нің бөлім бастығы Гүлнар Өміршеңова.

Осыған орай бүгін қалалық ішкі істер департаментінде кәсіби дайындықты жетілдіру және жасөспірімдер қылмысын алдын ала анықтаудағы әдістемелік жұмыстар бойынша мектеп инспекторлары мен әлеуметтік педагогтарға арналған тренинг өтуде.

Алға қойылған міндеттерді тиімді жүзеге асыру мақсатында жыл басынан бері 35 білім беру мекемесінің оқушыларымен дәріс, әңгімелеу, тренинг түрінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар аталған акцияға қолдау көрсетуге шақырған хат әкімдіктерге, соттарға, прокуратура органдарына, білім беру, денсаулық сақтау мекемелеріне, үкіметтік емес ұйымдарға жіберілді.