Мектеп құрал-жабдықтарының құны миллиондаған сомаға асыра көрсетілген - ҚР Бас прокуратурасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мектепке қажетті оқу құрал- жабдықтары стандартқа сай келмегендіктен қаңырап бос тұр.

Бұл туралы бүгін Ақордада сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысында ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаев мәлім етті.

Оның атап өтуінше, Білім және ғылым министрлігі 2 млрд. теңгеден астам қаржыға 569 білім ордасына химия кабинеттеріне арналған оқу құрал-жабдықтарын сатып алған. Ал олардың басым бөлігі қаңырап бос тұр. Мәселен, Алматы облысының Панфилов ауданындағы мектептерде 49 оқу құрал-жабдығының тек 13 ғана кәдеге жараған. қалғандары стандарттарға сай келмегендіктен мектеп қоймаларында үйіліп жатыр.

«Оңтүстік Қазақстан облысында 70 оқу ордасында тек интерактивті тақта ғана пайдаланылады. Ал қалған құрал-жабдықтарды пайдалануға химиялық реактивтер жоқ», - деді ол.

Бас прокурордың атап өтуінше, бұдан бөлек 778 химия және биология кабинеттеріне арналған құрал-жабдықтардың құны жоғарылатып алынғандығы жайында фактілер орын алуда. Соның салдарынан алдын ала есеп бойынша мемлекетке келген шығын 1,5 млрд. теңгеден асып жығылады.

«Мәселен, химия кабинетіне арналған құрал-жабдық жиынтығының 2,6 млн. теңгеге, биология кабинетіне арналған жиындық 1,6 млн. теңгеге құны асыра көрсетілгендігі сараптама барысында белгілі болып отыр. Аталған фактілер бойынша қаржы полициясы тергеуалды тексеру жүргізуде», - А.Дауылбаев.