Оның айтуынша, Қаракемер ауылындағы К.Орымбетов атындағы орта мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін ұстаз Н.Ахметованы осы мектеп директоры 2010 жылы жұмыстан босатқан. Мектеп басшысының шешімімен келіспеген ұстаз Еңбекшіқазақ аудандық сотына шағымданады. Аудандық сот мектеп директорының әрекетін заңсыз деп тауып, шағымданушыны жұмысқа қайта орналастыру туралы шешім қабылдайды.
«Бұнымен келіспеген мектеп директоры жоғары сатыдағы соттарға шағымданады. Жоғарғы сот Н.Ахметованың 2010 жылдың 22 сәуірінде соттан шақырту алған соң қызметін тастап кетуге мәжбүр болғандығын ескере келе, мектеп директорының осы іске байланысты мұғалімге «қатаң сөгіс» жариялау жөніндегі бұйрығын заңсыз деп тапты», - деді ресми өкіл.