Қатеге кім жауапты?
Оқу-ағарту министрлігінің талдауынша, оқулықтарға қатысты шағымдардың 19,6 пайызы расталған. Оның 10,6 пайызы баспалар жіберген қатеге тиесілі. Олқылықтың алдын алу үшін министрлік жаңа талап енгізді. Енді оқулықтан қате анықталса, баспа бүкіл тиражды өз қаражаты есебінен қайта басып шығаруға міндетті.
Бұл талаптың іс жүзінде қалай орындалатынын бұған дейінгі мысалдардан көруге болады. 2021 жылы 2-сыныпқа арналған «Ағылшын тілі» оқулығынан қателер анықталып, Edustream баспасы шамамен 400 мың дананы өз қаражатына қайта басып, мектептерге жеткізді.
Осындай жағдай 2024 жылы «Әдебиеттік оқу» оқулығына арналған хрестоматиядан да байқалды. Қателер пәндік сараптамалық комиссия бекіткен нұсқадағы ауытқудан туындаған. Нәтижесінде «Алматыкітап» баспасы 2023 жылы жарық көрген хрестоматияның 5,5 мың данасын қайта басып, өңірлерге жөнелтті.
Дегенмен оқулық сапасын тек техникалық қатемен өлшеу жеткіліксіз. Оқулықтағы тарихи деректер мен тақырыптардың қаншалықты толық әрі жүйелі қамтылғаны да маңызды. Экс-сенатор Дархан Қыдырәлінің пікірінше, әсіресе қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу тарихына қатысты кезеңдер оқулықтарда кең әрі жүйелі түрде берілуі қажет.
– Тарихи оқулықтарға қазақ мемлекеттілігінің бастауы туралы деректерді енгізу керек. Мәселен, Талас құрылтайы өткен, Жетісу мен Сыр арасында құрылған Моғолстан мемлекетіне 6-7 сыныпқа арналған оқулықта 1 параграф, 10-сыныпқа арналған оқулықта 4-5 жол ғана арналған. Ал осы Моғолстан жерінде, Шу бойында Қазақ хандығының негізі қаланғаны белгілі. Қазақ тарихының Ұлық ұлыс – Алтын Орда сынды жарқын беттерін көптеп енгізу қажет, – деді экс-сенатор.
Осыған байланысты ол оқулық әзірлеу барысындағы жауапкершілік пен бақылау тетіктерін күшейту қажет деп санайды.
700 қатеден кейінгі өзгеріс
Министрлік жоспарына сәйкес, 2026–2028 жылдары оқулықтар кезең-кезеңімен жаңартылады. Алдымен 3, 4, 7, 8 және 9-сыныптарға арналған кітаптар ауыстырылса, кейін 1, 5, 10 және 11-сыныптардың жекелеген оқулықтары жаңартылады. Соңғы кезеңде 2 және 6-сынып оқулықтары қамтылады.
Жаңарту барысында қосымша сараптау кезінде анықталған 700-ден астам қате ескеріледі. Министрліктің мәліметінше, анықталған ескертулерді жою үшін баспалармен және сарапшылар қауымдастығымен жұмыс жалғасып жатыр. Барлық оқулықтың белгіленген сапа талаптарына сай болуы үшін қосымша уақыт қажет. Ал білім беру ұйымдарын оқулықтармен қамтамасыз ету жоспарға сәйкес жалғасуда.
Биыл 30 тамызға дейін 3-сыныптың «Қазақ тілі», «Орыс тілі», «Математика», «Дүниетану», «Әдебиеттік оқу», «Музыка» және 7-сыныптың «Дүниежүзі тарихы» оқулықтары сатып алынды. Педагогтердің таңдауы негізінде жергілікті атқарушы органдар қажетті басылымдарға өтінім беріп, оларды баспаларға жолдаған.
Бұл ретте жаңарту тек оқулықтардағы қатені түзетумен шектелмейді. Мектептегі білім мен тәрбие мазмұнына да жаңа бағыттар енгізілмек. Атап айтқанда, «Адал азамат» бағдарламасы, «Конституция негіздері», «Заң және тәртіп» пәндері мен экологиялық білім беру бағыты күшейтіледі.
Министрлік мұндай өзгерістерді білім беру стандартының жаңаруымен байланыстырады.
– Оқулықтарды қайта жазу қажеттілігі білім беру жүйесін реформалауға және әлемдік үрдістерді ескере отырып жаңа стандарттарды қабылдауға байланысты туындады, – делінген министрліктің жауабында.
Демек, оқулық оқу бағдарламасынан бөлек қаралмайды. Бағдарлама өзгерсе, оған сәйкес оқу материалы да жаңаруы керек. Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының мәліметінше, тәуелсіздік жылдарында оқу бағдарламаларының шамамен 70–80 пайызы жаңарған. Ал ең ауқымды өзгерістер 2016 жылдан кейін жүргізіліп, оқу мазмұнының 70 пайызын қамтыған. Оның екі негізгі себебі бар. Біріншісі – өзгерген оқу бағдарламалары мен жаңа стандарттарға сәйкестендіру, екіншісі – қолданыстағы басылымдардан анықталған қателер мен мазмұндық кемшіліктерді түзету. Ал жаңа талаптар осы жұмыстың сапасын күшейтуге бағытталған.
Биыл, 19 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген ережелер оқулық авторларының жауапкершілігін арттырып, қатені азайтуды көздейді. Сонымен қатар оқулықтарды әр бес жыл сайын жаңарту қарастырылып отыр.
Жаңарту мазмұнды өзгертті ме?
Оқулықтарды қайта қарау қажеттілігі түсінікті болғанымен, оның нәтижесі қаншалықты сапалы болатыны бөлек мәселе. Qazaq Expert Club білім беру саласының сарапшысы, оқу бағдарламаларын әзірлеуші Бақытжан Дүйсенованың айтуынша, бұл – әлемдік білім беру жүйелерінде қалыптасқан қалыпты тәжірибе.
– Мемлекеттік стандарттар, оқу бағдарламалары, ғылыми деректер, статистика, сондай-ақ балаларға нені және қалай оқыту керек деген түсініктер үнемі өзгеріп отырады. Қазақстанда бұл үдеріс 2015–2020 жылдары жаңартылған білім беру мазмұнына көшкеннен кейін айқын байқалды. Мемлекет реформаны білім беруді мазмұнды меңгертуден дағдыларға, функционалдық сауаттылыққа, сыни ойлауға және бағалаудың жаңа тәсілдеріне бағыттау ретінде негіздеді, – деді сарапшы.
Алайда оқулықты жиі жаңарту оның сапасы автоматты түрде артады дегенді білдірмейді. Сарапшының айтуынша, алғашқы жаңартулар жаңа мемлекеттік стандарттар мен оқу бағдарламаларына, сондай-ақ критериалды бағалауға бейімделуге бағытталса, кейінгі кезеңде мазмұндық, әдістемелік және тілдік кемшіліктерді түзетуге көбірек көңіл бөлінді. Ал деректері тез өзгеретін пәндерде ақпаратты тұрақты түрде өзектендіру қажет.
Жаңартылған талаптар оқулықтардың мазмұнына ғана емес, тапсырмалардың құрылымына да әсер етті.
– Өзгерістер косметикалық сипатта болған жоқ. Жаңа оқулықтарда талдауға, пікірталасқа, дереккөздермен жұмыс істеуге, визуалды материалдарды пайдалануға және пәнаралық байланыстарды орнатуға арналған тапсырмалар көбейді, – деді сарапшы.
Дегенмен жаңа тәсілдің оқушы мен мұғалім үшін қаншалықты тиімді болғанын тек оқулықтың мазмұнына қарап бағалау жеткіліксіз.
– Мазмұн айтарлықтай өзгерді. Ал оның барлық мектеп үшін бірдей деңгейде тиімді болғаны туралы сұраққа жауап беру қиын. Себебі белгілі бір жаңарту педагогикалық тұрғыдан жақсы ойластырылғанымен, оны оқыту барысында жүзеге асыру қиын болуы мүмкін, – деді Бақытжан Дүйсенова.
Оқулыққа қойылатын талап пәннің ерекшелігіне қарай да өзгереді. Мысалы, деректері тез ескіретін пәндерде ақпаратты, статистиканы және көрнекі материалдарды үнемі жаңарту маңызды. Тіл пәндерінде тапсырмалардың оқушы жасына сәйкестігі, мәтінмен жұмыс және коммуникативтік дағдыларға басымдық беріледі. Сарапшының айтуынша, соңғы жылдардағы қайта басып шығару мен апробациялау кезінде осы бағыттағы бірқатар пәнге ерекше назар аударылған.
– Соңғы жылдардағы ресми және журналистік шолуларда қайта басып шығару мен апробациялау үдерістерінде «Қазақ тілі», «Дүниежүзі тарихы», «Қазақстан тарихы», «Қазақстан географиясы», сондай-ақ бастауыш сынып пәндері мен оқыту әдістемесі маңызды саналатын «Орыс тілі» (қазақ тілінде білім беретін мектептер үшін), шет тілдері, «Еңбекке баулу», «Бейнелеу өнері», «Цифрлық сауаттылық», «Жаратылыстану» сияқты пәндер назарда болды. Жаратылыстану және география пәндерінде нақты деректер, статистика, көрнекі материалдар мен тапсырмалар жаңартылады. Тіл пәндерінде мәтіндердің түрі, дағдылармен жұмыс істеу реті, тапсырмалардың жас ерекшелігіне сәйкестігі мен коммуникативтік тәсіл күшейтіледі, – деді спикер.
Ал тарих пен қоғамтану пәндерінде басты мәселе тек жаңа дерек енгізу емес. Мұнда тарихи оқиғаларды іріктеу, оларды жүйелі түрде беру және өзара байланысын көрсету маңызды. Бастауыш сыныптарда керісінше, баланың жас ерекшелігіне сай түсінікті тіл мен ықшам мәтінге басымдық беріледі. Сондықтан оқулық сапасын бағалау кезінде барлық пәнге ортақ талаппен қатар, оның ерекшелігін де ескеру қажет.
Оқулық сапасы сыныпта сыналады
Оқулықты бірнеше рет жаңарту оның сапасы артты дегенді білдірмейтінін айттық. Мұны оқушылардың білім нәтижелері де аңғартады. PISA-2022 нәтижесіне сәйкес, қазақстандық оқушылар оқу, математика және жаратылыстану бағыттарының барлығында ЭЫДҰ елдерінің орташа көрсеткішінен төмен нәтиже көрсеткен. Мәселен, математикадан жоғары деңгейге жеткен қазақстандық оқушылардың үлесі шамамен 2 пайыз болса, ЭЫДҰ бойынша бұл көрсеткіш 9 пайызды құрады. Креативті ойлау нәтижесі де ұйым елдерінің орташа деңгейінен төмен.
– Бұл – маңызды сигнал. Жүйе білім беру мазмұнын жаңартқанымен, оқушылардың нәтижелері әзірге дәл сондай сенімді серпілісті көрсетіп отырған жоқ, – деп есептейді Бақытжан Дүйсенова.
Бұл үрдіс ұлттық деңгейдегі зерттеулерден де байқалады. МОДО-2024 нәтижелері оқушылардың едәуір бөлігі білімді жай еске түсіруден гөрі оны қолдануды, талдауды және жаңа жағдайда пайдалануды талап ететін тапсырмаларды орындауда қиындық көретінін көрсетті.
– Бұл жаңартылған мазмұнның бағыты дұрыс болғанымен, оның мектеп тәжірибесінде біркелкі жүзеге аса бермейтінін көрсетеді, – деп санайды сарапшы.
Демек, білім сапасын арттыру тек оқу бағдарламасы мен оқулық мазмұнын өзгертуге келіп тірелмейді. Нәтижеге мұғалімнің даярлығы, әдістемелік қолдау, оқу жүктемесі, мектеп инфрақұрылымы мен жалпы білім беру ортасы да тікелей әсер етеді. Сондықтан оқулықтың сапасын бағалауда оның мазмұнымен қатар әзірлеу, сараптау және мектепке енгізу тетіктеріне де назар аудару маңызды.
Қазақстанда бұл процесс министрліктің №344 бұйрығымен реттеледі. Қолжазба ғылыми-педагогикалық сараптамадан, апробациядан, қоғамдық талқылаудан және пәндік сараптамалық комиссияның қорытындысынан өтеді. Оқулық мектеп бағдарламасына енгеннен кейін де мониторинг жүргізіліп, мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналардың пікірі ескеріледі. Яғни жұмыс кітапты басып шығарумен аяқталмайды.
Жаңарту жеткілікті ме?
Бақытжан Дүйсенованың айтуынша, кітап формалды талаптарға сай болғанымен, оқушыға күрделі, мұғалімге қолдануға ыңғайсыз немесе сабақ уақытына шамадан тыс салмақ түсіретін болуы мүмкін.
– Оқулық барлық талапқа сәйкес келіп, сараптаманың барлық кезеңінен өтуі мүмкін. Бірақ соған қарамастан бала үшін күрделі, мұғалімге қолдануға ыңғайсыз, көлемі шамадан тыс немесе сабақ уақытына сәйкес келмейтін болуы да ықтимал, – деді ол.
Осы мәселе оқулықтың білім беру жүйесіндегі рөлін қайта қарауды талап етеді. Сарапшының пікірінше, оны реформаның негізгі тетігі емес, оқу үдерісін толықтыратын сапалы құрал ретінде қарастырған жөн.
– Ең алдымен парадигманың өзін өзгерту қажет. Оқулық білім беру реформасының негізгі құралы ретінде қабылданбауы керек. Ол сапалы құрал әрі қосымша ресурс ретінде пайдаланылғаны жөн, – деді спикер.
Бұл жағдайда басты назар жаңа оқулық шығаруға емес, оның сапасын әзірлеудің бастапқы кезеңінен бастап қамтамасыз ететін жүйеге аударылады. Яғни оқулықтың құндылығы оның қанша рет жаңартылғанымен емес, нақты оқу үдерісінде қаншалықты нәтиже беретінімен өлшенуі керек. Сарапшылардың айтуынша, жаңа кітап оқушының түсінуіне, оны қолдануына және өздігінен ойлауына ықпал еткенде ғана жаңартудың мәні артады.