Мектеп оқушыларының басым бөлігі ұлттық музыка мұраларынан мақұрым қалып жатыр - А. Мұсақожаева

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мектеп оқушыларының басым бөлігі ұлттық музыка мұраларынан мақұрым қалып жатыр. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатындағы кездесу барысында Қазақ Ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева мәлім етті.

«Ұлттық бірегейлік өскелең кезден бастап қалыптасады. Сондықтан да, мемлекет халықтың бос уақытын тиімді, өнерге қолжетімді шаралармен қамтамасыз ету үшін дотациялық қадамдарға баруы керек. Шығармашылық үйлері, музыка үйірмелері ашылса, ол халыққа қолжетіміді болса игі еді. Қазақстанда 357 балалар өнер мектебі бар, оған музыкалық мектептер, балалар өнер мектептері де кіреді. Ал осы мектептер қамтитын балалар саны 100 мыңнан асады. Сонда қалған балалардың барлығында дерлік өнерге жақын болуға ешқандай мүмкіндік болмай отыр, олар өнерді қабылдай алмайтын жағдайда», - деді А. Мұсақожаева.

Оның айтуынша, жалпы білім беретін мектептерде оқитындардың басым бөлігі ұлттың аса бай музыкалық және басқа да өнер мұралары жайлы біле бермейді. Қазақстан мәдениетінің тарихын да жеткілікті білмейді. «Сондықтан да, мектептерде факультативтік қосымшаларды ашу керек. Балалар өз ұлтының бай мұраларынан нәр алып өсулері керек», - деді А. Мұсақожаева.