Білім бәсекесі: Халықаралық олимпиада жеңімпаздары кейін миллиардер бола ма

АСТАНА. KAZINFORM – Олимпиададағы жетістік баланың болашағына қаншалықты әсер етеді? Kazinform тілшісі тақырыпты сарапшылармен бірге саралады.

Коллаж: Kazinform / ЖИ

Олимпиада қандай дағдыларға үйретеді?

Жақында жарияланған The Economist журналындағы «Olympiad Man» мақаласы олимпиада жүлдегерлерінің технология саласындағы кәсіби жолына назар аударады. Мәселен, 1994 жылғы Халықаралық математика олимпиадасының алтын жүлдегері Ноам Шазир кейін жасанды интеллект саласының жетекші маманына айналды. Anthropic басшысы Дарио Амодеи жас кезінде физика олимпиадасына дайындалған.

Databricks, Cursor, Cognition және Perplexity негізін қалаушылар арасында да олимпиадаға қатысқан мамандар бар. Басылым соңғы 25 жылдағы математика, информатика және физика олимпиадасына қатысушылардың кәсіби жолын талдап, олардың арасында Google мен Meta сияқты ірі технологиялық компанияларда еңбек ететіндердің көп екенін көрсеткен.

Дегенмен бұл кәсіби табысқа жеткізеді дегенді білдірмейді. Сарапшылардың пікірінше, терең білім, өз бетінше ойлау және күрделі тапсырманы соңына дейін жеткізу қабілеті жасанды интеллект дәуірінде ғылым мен бизнес үшін де маңызды.

Баланың болашағын бір пәнмен шектеу дұрыс емес

Олимпиададағы жоғары нәтиже баланың ересек өмірдегі жетістігіне кепіл бола алмайды. Неміс профессоры Арне Гюллих бастаған зерттеушілер 34 мыңнан астам көрнекті тұлғаның деректерін талдап, олардың басым бөлігі жасөспірім кезінде өз саласында көшбасшы болмағанын анықтағанын айту керек.

Мәселен, спортта жас кезінде халықаралық деңгейге жеткендердің 13%-ы ғана ересек шағында жоғары нәтиже сақтаған, ал 14 жасқа дейін шахматтан әлемнің үздік ондығына кіргендердің шамамен 89%-ы кейін сол деңгейге жете алмаған.

Білім сарапшысы, география ғылымдарының магистрі Нұрбек Ерікұлының айтуынша, олимпиаданың басты құндылығы жетістікте емес.

– Мысалы, халықаралық олимпиадаға қатысқан бала бір есепті бес минутта шығара алмаса, оны тастап кетпейді. Кейде бірнеше сағат, тіпті бірнеше күн ойланады. Басқа жол іздейді, қателеседі, қайта бастайды. Осы жерде ол тек математика немесе физика үйреніп жатқан жоқ. Бала шыдамдылықты, терең ойлауды, мәселені бірнеше қырынан қарауды, өз бетінше шешім қабылдауды үйренеді, – деді сарапшы.

Фото: Нұрбек Ерікұлының жеке мұрағатынан

Осы дағдыларды қалыптастыру үшін белгілі бір кезеңде терең мамандану қажет болғанымен, ол баланың өзге қабілеттерін шектемеуі тиіс.

– Олимпиадада жоғары нәтиже көрсету үшін белгілі бір кезеңде терең мамандану қажет. Бірақ мен баланың бүкіл болашағын бір пәнмен шектеп қою дұрыс деп ойламаймын. Бала математикадан олимпиадаға қатысып жүріп, робототехникаға, бағдарламалауға, музыкаға немесе гуманитарлық пәндерге қызығуы мүмкін. Сондықтан оған жан-жақты дамитын тұлға ретінде қараған дұрыс, – деді ол.

Мемлекеттік мектептерде олимпиадалық орта қалыптастыру керек

Қабілеттің ашылуына тәжірибелі мұғалім, арнайы үйірме, ағылшын тілі мен мықты орта әсер етеді. Спорттық бағдарламалау федерациясының президенті Бағдат Мусиннің айтуынша, ЖИ бойынша халықаралық олимпиадаға қатысқан оқушылардың кейін миллиардер немесе ірі технологиялық компания негізін қалаушы болу ықтималдығы 1500 есе, ал осы салада ғылыми жаңалық ашу ықтималдығы 4000 есе жоғары.

Алайда мұндай дайындық барлық мектепте бірдей қолжетімді емес. Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев халықаралық олимпиада тапсырмаларының көбі ағылшын тілінде әзірленіп, дайындық та осы тілде өтетінін, кей пәндерде білікті мұғалімдер тапшылығы барын атап өтті.

Фото: Kazinform /ЖИ

Соған қарамастан, жоғары нәтиже көрсеткендердің қатарында қарапайым мектеп түлектері де бар. Бұл таланттың мектепке немесе өңірге тәуелді еместігін, ал басты айырмашылықтың оған жасалған жағдайға байланысты екенін көрсетеді.

– Қарапайым мемлекеттік мектепте де өте қабілетті бала бар. Бірақ оның жанында олимпиадаға дайындайтын мықты орта болмауы мүмкін. Сондықтан ең маңызды міндеттердің бірі – мемлекеттік мектептерде олимпиадалық ортаны қалыптастыру, – деді Нұрбек Ерікұлы.

Ауыл оқушыларының көрсеткіші де мұны аңғартады. 2025–2026 оқу жылында ауыл балаларына арналған республикалық олимпиадаға 125 мыңнан астам оқушы қатысты. Яғни мәселе таланттың бар-жоғында емес, мүмкіндіктің қолжетімділігінде болып отыр.

Жүлдегерлердің дерекқорын қалыптастыру маңызды

Деректерге сүйенсек, биыл қазақстандық оқушылар әлемдегі ең беделді жеті халықаралық пәндік олимпиаданың төртеуіне қатысып, олардың әрқайсысында жүлдеге ие болды. Қазіргі таңда ұлттық құраманың еншісінде 19 медаль бар. Оның ішінде 6 алтын, 9 күміс және 4 қола медаль.

Жалпы 2025–2026 оқу жылында Қазақстан оқушылары 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми конкурсқа қатысып, 1 059 медаль және 57 арнайы сыйлыққа ие болған. Ұлттық құраманың қоржынында 201 алтын, 351 күміс және 507 қола медаль бар. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда марапаттар санының 96 пайызға артқанын көрсетеді.

Инфографика: Kazinform

Биыл олимпиададан оза шыққан оқушылар мен олардың жетекшілеріне берілетін төлем тәртібі жаңартылды:

І орын – 1500 АЕК (2026 жылы шамамен 6,49 млн теңге);

ІІ орын – 1000 АЕК (шамамен 4,33 млн теңге);

ІІІ орын – 500 АЕК (шамамен 2,16 млн теңге).

Сыйақы оқушыларға ғана емес, олардың мұғалімдеріне де қарастырылған. Төлем көлемі базалық лауазымдық жалақыға байланысты есептеледі. Мәселен, «Алтын» алған оқушының жетекшісіне – жалақысының 26,5 есесі, «Күміс» үшін – 17,5 есе, «Қола» үшін – 8,5 есе төлем қарастырылған.

Ол бір реттік негізде, әр жетістікке жеке-жеке беріледі және тек ағымдағы жылғы нәтижелер үшін қарастырылған.

Жеңімпаздарға «Болашақ» бағдарламасы арқылы бакалавриатта білім алу мүмкіндігі де қарастырылған. Алайда олимпиададағы жетістікті баланың кейінгі кәсіби дамуына ұластыру маңызды.

Smartestprep білім беру орталығының құрылтайшысы, білім саласының сарапшысы Лаура Вайгорова оқушылардың кәсіби жолын ұзақмерзімді бақылау қажет деп санайды.

– Біз тек бүгінгі медаль санын емес, осы балалардың 5–10 жылдан кейін қайда жүргенін де білуіміз керек. Сондықтан олимпиада жүлдегерлерінің бірыңғай ұзақмерзімді дерекқоры болғанын қолдаймын. Бұл олимпиадалық қозғалысқа салынған инвестицияның нақты нәтижесін бағалауға мүмкіндік береді. Ал дарынды балаларды ертерек анықтау үшін диагностика, ғылыми байқаулар, хакатондар мен технологиялық жобалар сияқты түрлі тетіктер қажет, – деді Лаура Вайгорова.

Фото: Лаура Вайгорованың жеке мұрағатынан

Сарапшының айтуынша, дарынды балаларды анықтаумен қатар, олардың ғылым мен технология саласында дамуына жағдай жасау қажет. Ол үшін медаль алғаннан кейінгі кезеңде жас таланттарға нақты мүмкіндіктер ұсынылуы керек.

– Университетте зерттеу жасауға шағын гранттар, халықаралық зертханаларда тағылымдама, ғалымдар мен кәсіпкерлерден менторлық, алғашқы стартапқа немесе технологиялық жобаға қаржыландыру қажет. «Жас ғалым» сияқты бағдарламалар мен мектептегі олимпиадалық таланттың арасында нақты көпір жасау керек. Яғни «медаль алған балаға сыйақы беру» моделінен оның талантын ұзақмерзімді дамыту моделіне өтуіміз қажет, – деп есептейді сарапшы.

Еске салайық, бұған дейін Үкіметте Ұлттық білім беру деректер қорын жаңғырту барысы қаралған болатын.