Мектеп тапшылығы балалар арасында буын ауруларын көбейтуі мүмкін - ревматолог
Қазір буыны қақсап, жүріс-тұрысы нашарлағанына шағым айтатын адам көп. Мұндай дерт жас талғамайтын болып бара жатқандай көрінетіні бар. Kazinform тілшісі Астанадағы Президент Іс басқармасына қарасты Медициналық орталық ауруханасының ревматолог дәрігері Элмира Тұрдыбековамен осы мәселе жөнінде сұхбат құрған еді.
- Артрит десе, ойымызға буыны қақсап, жүріп-тұруы қиындаған егде адам түседі. Бұл дерт расымен кәрі адамдарға ғана тән ауру ма? Осы саланың маманы ретінде елдегі артритке шалдыққандардың статистикасын айта аласыз ба?
- Артрит деген – буынның қабынуы, яғни буынның қызаруы, ісінуі, қызуы, ауыруы және буын қозғалысының шектелуі. Осындай белгілері бар буын қабынған буын болып саналады немесе артрит деген сөз. Дүниежүзіндегі, Қазақстандағы статистика бойынша, әрбір мың адамның онында буын арулары бар деп есептеледі. Сондықтан оны өте кең таралған аурулардың бірі деуге болады.
- Қазір аурудың бәрі «жасарып» жатыр ғой. Артрит туралы да солай айтуға бола ма? Егер солай болса, оның себебі неден деп ойлайсыз?
- Жасқа келсек, артрит ересек адамда да, жастарда да болуы мүмкін. Себебі, буын ауруларының түрі көп, яғни әр артриттің жасына байланысты, жынысына байланысты ерекшеліктері көп. Артритпен тек үлкен кісілер немесе жастар ауырады деп айта алмаймыз, біркелкі кездесуі де мүмкін. Мысалы, ревматоидтық артрит, спондилит, псариаздық артрит, реактивтік артрит жас адамдарда жиі кездеседі. Ал падагра немесе остеоартрит дейміз, бұрынғы атаулары артроз, осы сияқты дегенерациялық аурулар жасы келген адамдарда жиі кездеседі. Кейбір буын ауруы жынысқа байланысты. Мысалы, ревматоидтық артрит әйел адамдарда көп кездессе, реактивтік артрит пен спондилит ер адамдарда жиі кездеседі.
- Қазақстандықтардың артритке шалдығуының басты себептері қандай? Еңбек қауіпсіздігін сақтамау, денсаулықты күтпеу сияқты салғырттықтың салдары деп айтуға бола ма? Одан басқа қандай себептері бар? Тамақ сапасы, экология сияқты сыртқы факторлардың әсері бар ма?
- Артриттің пайда болу себебі Қазақстанда да бүкіл дүниежүзіндегі сияқты. Бірінші себебі, әрине, гиподинамия – адамдардың аз қозғалуы, спортпен айналыспауы, дене шынықтырмауы. Осының салдарынан артық салмақ жиналып, бұлшықет босайды. Оның бүкіл ауыртпалығы буындарға түсіп, зақымдалады. Дұрыс тамақтанбау, ішімдік сияқты зиянды әрекеттер артриттің падагра деген түріне әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, тұқым қуалаушылық фактор да бар. Егер отбасында аутоиммундық артриті бар адам болса, сол отбасының мүшелерінде аутоиммундық артрит пайда болуы ықтималдығы жоғары.
Сондай-ақ, гормоналдық өзгерістер, кейбір дәрі-дәрмектер артрит белгілерінің пайда болуына әкелуі мүмкін. Одан кейін, әсіресе, жас ер адамдарда жарақат салдарынан пайда болған артрит жиі кездеседі. Сондықтан қауіпсіздік ережелерін сақтап отыру керек. Шамадан тыс салмақ түскен жас адамдардың өзінде остеоартрит ерте дамуы мүмкін.
- Артриттің алдын алу үшін не істеу керек? Артритке қарсы күтім шараларын неше жастан бастаған дұрыс?
- Артриттердің алдын алу үшін, әрине, дұрыс тамақтану, дене шынықтыру, жарақаттың алдын алу, D дәруменінің деңгейін қадағалап, жетіспеген жағдайда орнын толтырып отыру, көңіл күйдің дұрыстығын қадағалау, стрестік жағдайлардан аулақ болу, жиі вирустық инфекциялармен ауырмаудың қамын жасау, салқын тигізбеу, темекі, ішімдік сияқты зиянды әрекеттерден алшақ болу керек.
- Адамның бәрі кәріліктен сақтандырылмаған. Сол сияқты артриттен де сақтандырылмаған деп айта аламыз ба?
- Иә, енді кәрілік физиологиялық жағдай ғой. Сол себепті дегенерациялық буын аурулары да физиологиялық жағдай. Жас келе шеміршектің жұқаруы, желінуі мүмкін. Бірақ, әрине, егер бұлшықетіміз мығым болса, буынға түсетін салмақ азаяды. Себебі, бұлшықет буынды артық салмақтан сақтайды. Сондықтан дене шынықтырып, дұрыс аяқ киіммен көбірек жаяу жүріп, дұрыс тамақтансақ, артриттің белгілерін алшақтату амалын жасауымызға болады.
Буын ауруларының пайда болуында инфекцияның рөлі өте үлкен. Әсіресе, Эпштейна-Барр деген, цитомегаловирус деген вирустар, коронавирус сияқтыкейбір вирустық аурулар қатты әсер етеді. Соңғы пандемияның кезінде коронавирустың өте ауыр екенін көрдік. Пандемия біткеннен кейін ол вирустың салдары өте ауыр болатынына жиі куә болып жүрміз. Коронавирус ағзада аутоиммундық бұзылыстарды жиі шақырып, аутоиммундық вирустардың себепшісі болып жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан алдын алу шараларын айтқан кезде вирустық инфекциялардан сақтанып жүруіміз керек. Ол – таза ауада серуендеу.
- Қазір ата-аналар кейбір мектептердің, балабақшалардың суықтығын айтып шағымданып жатады. Бұл факторлар сіздің әлеуетті науқастарыңыздың санын көбейтеді деп айта аламыз ба? «Артрит ошағына» айналған мектеп немесе балабақшалар бар ма? Ондай мәселе бар болса, ол мекемелер туралы дабыл қағып, аталған білім ошақтарының мәселесін шешуге күш саласыздар ма? Нақты мысал келтіре кетсеңіз.
- Қазір мектептегі бала саны өте көп екені туралы мәліметтер бұқаралық ақпарат құралында жиі айтылып жатыр. Қоңырау кезінде олардың таза ауаға шығып, серуендеуге уақыттары жоқ. Тар сыныпта көп бала отырады деп естіп жатырмыз. Әрине, мұндай ортада вирус жұқтыру қаупі өте жоғары. Сондай-ақ, вируспен қатар, бактериялық инфекциялар да буын ауруларын, артриттерді, ревматизм ауруларын шақыруы мүмкін. Гигиеналық тазалық сақталмаса, бөлмелер уақтылы желдетіліп, тазалық нормалары орындалмаса, бұл да буын ауруларына себеп бола алады. Стандарт бойынша әр бөлмеде неше бала оқуы керектігі нақты бекітілген. Ондай нормадан асып кетсе, әрине, буын ауруларының да, басқа да арулардың пайда болу жиілігі жоғарылайды деп ойлаймын. Одан кейін суық ғимарат факторы бар. Адам тоңған кезде әсері иммунитетке тиеді. Иммунитет әлсіреп, ағзада ұйықтап жатқан инфекциялар оянуы мүмкін. Ол да баланың денсаулығына әсер етіп, буын ауруларының белгілерін беруі мүмкін. Әрине, біздің балалар жағдайы келіскен, гигиеналық талаптар орындалатын мектептерде оқысын деген тілегіміз бар.
- Артрит қандай кәсіп иелерінде көп кездеседі? «Артрит ошағына» айналған зауыттардың немесе кәсіп түрлерін айта аласыз ба?
- Артриттердің қай кәсіп иесінде көп кездесетіні туралы айтсақ, ерекшеліктер бар. Мысалы, буын шеміршектерінің зақымдалуымен жүретін артриттер ауыр жұмыс істейтін, физикалық еңбекпен айалысатын адамдарда жиі кездеседі. Аутоиммундық артриттер, қабынған буын, әсіресе мына кәсіп иелерінде көп деп айта алмаймын. Себебі, ол әр кәсіп иесінде кездесуі мүмкін. Бірақ дағдарысқа көбірек ұшырайтын қызметкерлер арасында жиі тіркеледі. Өйткені, мұндай буын ауруларының себепшісі көп жағдайда стресс болуы мүмкін екенін айттым.
- Артритті толық емдеп жазу мүмкін бе? Мүмкін болса қандай сатыларында, неше жастағы науқастарды толыққанды жазуға болады?
- Артриттерді толық жазу кейбір түрінде мүмкін. Мысалы, жарақаттан болған немесе кейбір тамақтан уланулар, инфекциялар кезінде болатын жіті артриттердің кейбірі толық жазылып кетеді. Көп жағдайда артрит созылмалы процес болып есептеледі. Кей артриттерді біз өмір бойы емдейміз, емді тоқтатпау керек. Сондықтан көп жағдайда науқастар үнемі ем алып отырады. Ревматоидты артритте, спондилиттерде, басқа да күрделі реактивті артриттердің кезінде ұзақ жылдар бойы дәрілерін қабылдап отыруға тура келеді. Себебі, ол дәрі-дәрмекті уақытында ішпесе, буындар зақымданып, қызметі қалпына келмейтіндей деңгейде шектеліп, мүгедектікке әкелуі мүмкін. Сондықтан біз ондай науқастармен күнделікті сұхбаттасып, толық жағдайын түсіндіріп, емдеудің қажеттігін әбден ұғындыруға тырысамыз. Ондай артриттерді уақытында емдемесек, ерте мүгедектікке алып келуі ықтимал. Аутоиммундық артриттер жас адамдарда көбірек кездесетінін айттым ғой. Ал жас адам дегеніңіз еңбекке жарамды адам. Олардың ерте мүгедектікке ұшырамауы үшін емді үнемі жүргізіп отыру керек. Әрине, оның бәрі ревматологтің жіті бақылауында болу керек. Өйткені, әр аурудың өз емдік схемасы бар. Содан ауытқымау қажет.
- Артритке шалдыққан адамдардың емделу шығыны қаншалықты жоғары? Артриттің қай сатыларында науқасты мүгедектер қатарына жатқызуға болады? Артритпен ауыратын азаматтарға мемлекеттен тегін отаға квота қарастырылған ба? Жалпы артритті ота арқылы емдеу мүмкін бе?
- Артритке шалдыққан адамдарды емдеу, әрине жіті жағдайда науқастарға біршама жеңіл. Себебі, аз уақытта жазылып кетеді. Сондықтан емі өте қымбат болады деп айта алмаймын. Ал созылмалы артриттер ұзақ уақыт емделетіндіктен, бағасы өте қымбат. Сондықтан мақтанып қоюымызға болады, Қазақстанда аутоиммундық артриттерді емдеу үшін тегін дәрі-дәрмек қарастырылған. Оның ішінде қабынуға қарсы базистік препараттар, жаңа емдеу тәсілдері, биологиялық препараттармен емдеу тәсілі кең қолданылады. Биологиялық емдеуге арналған дәрі-дәрмек өте қымбат, кез келген адам сатып ала алмайды. Сондықтан ондай дәрілер Қазақстан азаматтарына рецепт бойынша тегін беріледі. Ондай қызмет Қырғызстан, Өзбекстан сияқты біздің көрші мемлекеттерде жоқ деп естідім. Халықаралық конференцияларда кездескен кезде ревматолог мамандар солай айтып жатады. Ресейде ондай препараттар бар. Бірақ біздегідей қолданылмайды, шектеулер көп. Сондықтан біздегі артритпен ауыратын науқастар жаңа дәрілермен қамтамасыз етілген деп айтуыма болады.
Буын ауруларына шалдығып, буын қызметін жоғалтқан науқастарға Қазақстанда тегін мемлекеттік квота арқылы отаға жіберу мүмкіндігі бар. Қазақстанның кез келген қаласында буындарды протездеу, артроскопиялық оталар жасалады деп айтуыма болады. Біз әр науқасқа ыңғайлы жағдайда болатын етіп, тұрғылықты жерінде немесе біздің ауруханаға ота жасату үшін квота алып келуге қорытынды қағаз беріп отырамыз. Ондай ота мемлекет тарапынан төленеді. Қазақстан азаматтары ондай отаны тегін алады.
Жас адамдардағы буын ауруларын дер кезінде емдемесе, мүгедектікке апарады. Сондықтан оны дер кезінде емдеу маңызды. Әрине, мүгедектікті біз тағайындамаймыз. Оны басқа мекеме белгілейді. Мүгедектікке буын қызметі орнына келместей етіп шектелсе, ол шектелу еңбек етуіне кедергі тигізсе, өзіне-өзі күтім жасай алмай қалса, сондай жағдайда мүгедектік тағайындау үшін жолдама береміз. Онымен емхана дәрігерлері айналысады. Бірақ біздің мақсат – науқастарды мүгедектікке дейін жеткізбеу.
- Артритпен ауырған адам шетелде емделгісі келсе, оған мемлекет қандай да бір көмек көрсете ме?
- Қазақстанның бас ревматологі Ғалымжан Асылбекұлы Тоғызбаев біздің Қазақстанның ревматология қызметін жылма-жыл жетілдіруге көп еңбек етіп келеді. Қазақстан ревмтологтер ұйымы дүниежүзіндегі ревматологтер ұйымдарымен тығыз байланыста. Біздің емдеу тәртібіміз, емдеу схемамыз, біз қолданып отырған дәрілер әлемдік деңгейде. Ешқандай шетелдік клиникадан кем емеспіз. Себебі, біз дүниежүзілік стандарттарға бағынатын протоколдармен жұмыс істейміз. Оның үстіне буын ауруларына қарсы жаңа буын дәрілері бар. Әр қалада, әр облыста комиссиялар құрылған. Сол комиссия арқылы жақсы, тиімді дәріні әр науқасқа тағайындап бере аламыз.
- Артритке шалдыққаныңды кеш білудің, асқындырып алудың салдары қандай? Артриттің алғашқы белгілерін қалыпты мазасызданулардан қалай ажыратуға болады?
- Артритке шалдыққан адамдардың бізге кеш келу себебі көп жағдайда өзін-өзі емдеумен байланысты деп ойлаймын. Өздігінен ауырсынуды басатын дәрілер ішіп, көп жүріп қалуы мүмкін. Әрине, артритке шалдыққан адамдар неғұрлым ертерек диагноз қойылып, емі ертерек тағайындалса, соғұрлым буын қызметін қалпына келтіріп, буынның мүжілуіне қарсы дәрілер беріп, буында сақтап қалуға болады, яғни ерте бастаған емнің тиімділігі жоғары. Ал уақытын өткізіп алсақ, сүйек мүжіліп, буын қисаяды. Буын қозғалысы шектелсе, оны дәрінің көмегімен қалпына келтіре алмай қалуымыз мүмкін. Әр адам буыны ісіп, қызарып, ауырса, қызу пайда болса, қозғалысы шектелсе, міндетті түрде дәрігерге көріну керек. Артриттің қай түрі екенін ерте анықтап, лайықты емі тағайындалу керек.
- Артритпен күресте елімізде қандай жүйелік проблемалар бар?
- Әрине, проблема жоқ деп айтпаймын, бар. Бірақ кейінгі жылдары Қазақстанда ревматологтер саны көбейді. Кіші қалаларды айта алмаймын, ал Астанадағы әр емханада ревматолог бар. Олар өз учаскелерінде науқастарды бақылап, керек дәрілерді рецепт бойынша беріп отырады. Уақытында ауруханаға, курорттық емге жолдап отырады. Басты проблема десек, Астанада арнайы орталықтар жоқ. Сол себепті, біздің ауруханада биыл аутоиммундық аурулар орталығы ұйымдастырылды. Осы орталықта буын ауруларына шалдыққан науқастарды тексеріп, диагнозын анықтап, емін тағайындап, керек болса, ауруханада емдеп, оңалту орталығына жолдап, жоспарлы ем тағайындалады. Осындай орталықтар бүкіл қалаларда болса деп ойлаймыз. Қалалық емханаларда, әрине, буын ауруларын емдейді. Біздің науқастар көп жағдайда жастар деп айттым ғой. Олар дәрігерге келуге уақыт таба бермейді. Өз беттерімен ауруды басатын дәрілерді дәріханадан алып, соған сеніп көп жүріп қалады. Ал жасы үлкен науқастар көп жағдайда дене шынықтыру, серуендеу деген ережелерді жиі сақтамайды. Ол да үлкен мәселе. Метаболикалық артриттерге ұшыраған науқастар, мысалы, падаграмен ауыратындар диета ұстауға қиналады. Сондықтан осы сұхбат арқылы буыны ауыратын науқастар дәрігердің бақылауында жиі болу керек деген ойды жеткізгім келіп отыр.
– Сұхбатыңызға рахмет!