«Біз халық арасында, әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасындағы бұқаралық спортты дамытуға баса назар аударып келеміз. Соның ішінде жалпы білім беретін мектептердің оқушылары ерекше қамтылып отыр. Мектеп жасындағы жалпы оқушылардың 2 миллионы дене шынықтырумен, спортпен қамтылған. Республикада балалар мен жасөспірімдердің 652 клубы және 138 дене шынықтыру клубы бар, ондағы балалар мен жасөспірімдердің саны – 200 мыңнан асады», - деді Д. Абаев Үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, бұл бағытта бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр.
«Еліміздің 7 қаласында «Қолжетімді спорт» бағдарламасы жұмыс істеп тұр. Аталған бағдарлама 20 мыңнан аса адамды қамтиды. 10 спорт түрі бойынша ұлттық мектеп лигасы ұйымдастырылды, бұл мектеп жасындағы 2,7 млн-нан астам баланы қамтыды. Жергілікті атқару органдарымен бірігіп спорттық инфрақұрылымды дамытудың жоспар-кестесі әзірленді. Ол 113 жаңа нысан салу, 21 нысанды жетілдіру және 6 ірі нысанды қосымша жабдықтаудан тұрады», - деді Дәурен Абаев.
Бұған дейін Дәурен Абаев балаларға арналған мәдени жобаларды таныстырған еді.