деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі күні елімізде мемлекеттік мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлеріне уақытша жұмысқа жарамсыздығына байланысты берілетін әлеуметтік жәрдемақыны төлеу толық шешімін таппай отыр. Салық кодексіне сәйкес мемлекеттік мекемелердің есепті айға есептеген әлеуметтік салық сомасы еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша төленген әлеуметтік жәрдемақы сомасына азайтылады. Ал мектепке дейінгі тәрбиелеу мекемелері мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын нысанында құрылған. Осыған байланысты, балабақшаларда Салық кодексінің 361-бабында мемлекеттік мекемелер үшін көзделген жеңілдіктер қолданылмай келеді. Бұның өзі балабақша қызметкерлеріне жұмысқа жарамсыздығына байланысты тиісті әлеуметтік жәрдемақыны төлеуде қиындық туғызады», дейді сенатор. Оның айтуына қарағанда, балабақшалар қазыналық кәсіпорын болып табылғанымен, олардың қосымша табыс табу мүмкіндіктері шектеулі. Ал ата-аналардан жиналатын қаржының басым бөлігі тамақ пен қажетті құралдарды алуға жұмсалады.
«Қаржының жетіспеушілігінен бала бақша басшылары қолданыстағы салық заңнамасын бұза отырып, жұмысқа жарамсыздығына байланысты төленген қаржыны әлеуметтік салық сомасынан шегеруге дейін барып жатыр. Ал Салық органдары бұндай заңсыздыққа орай балабақшаларға айыппұл салып, олардың есеп шоттарын шектейді. Ал ондай мекемелерде қосымша қаржы болмағандықтан, жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, айыппұл төленгенше қызметкерлер бірнеше ай еңбекақыларын ала алмай қиындыққа ұрынады. Бұл жерде мемлекетке келіп отырған еш пайда жоқ. Тіпті, мемлекет есебіне түсіп, оның кірісін молайтуға тиісті айыппұлды мемлекет өзінің қаржысынан төлеп отыр», деді С. Еңсегенов.
Осыған орай, депутат мемлекеттік мектепке дейінгі тәрбиелеу мекемелерін, оның ішінде ең болмағанда ауылдық жерлердегі мекемелерді қазыналық кәсіпорын санатынан мемлекеттік мекеме санатына ауыстыру мүмкіндігін қарастыру қажеттігін алға тартты.