«Қазақ тілінде оқытатын мектепке дейінгі ұйімдар ашу басым бағыт ретінде белгіленген. Республикада қазақ тілінде оқытатын 70 пайызға жуық мектепке дейінгі ұйымдар жұмыс істеп жатыр. 2022 жылдан бастап тәрбие-білім беру процесіне барлық жас топтарында қазақ тілін үйрену бойынша талаптар енгізілді», - деді Н. Жұмаділдаева Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Осы орайда ол педагог тиісті бағдарлама аясында қазақ тілін, қарым-қатынас мәдениетін меңгеруге ықпал етіп, қазақ халқының мәдениетімен, салт-дәстүрімен таныстыратынын айтты.
«Қазіргі кезде елімізде 1 млн 115 мың баланы қамтып отырған 11 мың 104 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істеп тұр», - деді департамент басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 97 408 педагог жұмыс істеп жүр. Оның ішінде ауылдарда 41 596 (42,7%), ал қалада 55 811 (57,3%) адам қамтылған.