«Мектепке жол»: Абай облысында 900-ден астам баланы демеушілер мектепке дайындады

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысында «Мектепке жол» акциясы аясында 900-ден астам баланы демеушілер мектепке дайындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Абай облысы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, өңірде әлеуметтік тұрғыда осал санаттағы отбасы балаларын мектеп формасы және кеңсе тауарларымен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.

«Бүгінде «Жаппай оқыту» қорынан мектепке қажетті киім-кешек пен кеңсе тауарларын алу үшін 22 165 баланың ата-анасының шотына 40 655 теңгеден аударылды. Сондай-ақ «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында демеушілер есебінен жалпы сомасы 11 985 850 теңгеге 867 балаға көмек көрсетілді. Демеушілердің қатарында жергілікті шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер, білім беру мекемелерінің педагогтары, ХҚКО, әкімдік қызметкерлері бар», - делінген ақпаратта.

Бұдан бөлек, облыс көлемінде 1 609 бала «Қазақстан халқына» қоғамдық қорынан қосымша көмек алмақ.

Айта кетейік, «Мектепке жол» акциясы 31 қыркүйекке дейін жалғасады.